фото: https://pixabay.com/
Пандалар тараптар арасындағы достықтың символы болып саналды.
Жақында Токиодағы хайуанаттар бағынан Қытайға екі алып пандалар қайтарылды. Олар – 2021 жылы Жапонияда дүниеге келген Сяо-Сяо мен Лей-Лей атты егіз пандалар, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Осы уақытқа дейін пандалар Бейжің мен Токио арасындағы достықтың символы болып саналды. Қытай пандаларды "жұмсақ күштің" маңызды құралы ретінде пайдалана білді. Аспан асты елі жануарлардың бұл түрін достық пен ынтымақтастықтың белгісі ретінде өзге елдерге ұзақ мерзімге жалға беріп отырған.
Алғашқы пандалар Жапонияға 1972 жылы жіберілді. Бұл кезеңде екі ел арасындағы дипломатиялық қатынас қалпына келген болатын. Жапония пандаларды алғаны үшін Қытайға жыл сайын ақы төлеп отырды. Бұдан бөлек пандаларға қолайлы жағдай жасауға міндеттелді. Жануарлар мен олардың Жапонияда туған төлдері Қытайдың меншігі болып саналды. Токио мен Вакаяма префектурасындағы хайуанаттар бағында пандаларды көруге миллиондаған адам барып отырды.
Сяо-Сяо мен Лей-Лей Жапонияда дүниеге келген. Олар жалға алу шарты бойынша Қытайға ақпан айында ғана оралуы тиіс болған. Бірақ жануарлар жоспарланған мерзімнен бір ай бұрын жіберілді. Пандалар ұшақпен Қытайға жеткізілді. Карантиннен өткен соң Сычуань провинциясындағы пандаларды зерттеу және сақтау орталығына жіберіледі.
Пандалардың қайтарылуы Қытай мен Жапония арасындағы саяси шиеленісті көрсетіп отыр. Өткен жылдың соңында Жапония премьер-министрі Санаэ Такаити Қытай Тайваньға шабуыл жасаған жағдайда, Жапонияның өзін-өзі қорғау күштері қақтығысқа қатысуы мүмкін екенін айтты. Бейжің бұл мәлімдемені елдің ішкі саясатына араласу деп таныды. Себебі Қытай өзін-өзі басқаратын аралды өз жері деп есептейді. Бұдан бөлек Токио АҚШ-пен әскери ынтымақтастықты күшейткен.
Дерек көзі: https://inbusiness.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через