фото: freepik.com
Отбасы-шағын мемлекет. Ол рас. Оның ішкі саясатын жүргізу, бюджетін реттеп отыру, демографиясын арттыру-бәрі ақыл мен үлкен парасаттылықты талап етеді. Ер мен әйелдің өзара түсіністігі, бір-біріне деген құрметі, ұқыптылығы, бәрі-бәрі шаңырақтың берік болуының негізгі нышандары. Оның ішінде ортақ табыс, отбасылық бюджет мәселесі тағы бар. Барды ұқсатып жарата білу үлкен шеберлік. Сондықтан да біз бүгін отбасы бухгалтериясы жайлы әңгіме қозғауды жөн көріп отырмыз.
Әрбір шаңырақтың өзінше қалыптасқан қағидалары бар. Кейбір үйде ақшаны ері ұстаса, енді бірінде әйелі. Мамандардың зерттеуінше, көп үйде бюджеттің «құлағын» ұстайтын-нәзік жандылар. Оның өзіндік себебі бар. Отбасына не керек, қандай азық-түлік алынуға тиіс, отбасы мүшесінің қайсысына қандай киім-кешек қажет немесе басқа да сатып алынатын заттардың есебін білетін әйел. Мемлекетте барлық шаруашылықты премьер-министр жүргізетін болса, отбасында әйелдер қауымы, ал ол міндетті түрде президентке-отағасына есеп беріп отырады. Әрине, қомақты қаражатқа үй, пәтер, машина, жиһаз, тұрмыстық техникалар сияқты заттарды алуға екі жақ келісе отырып, ақша жинап, әрекет жасайды.
Психологтардың айтуынша, есейіп келе жатқан балаларға бұл мәселе жайында айта отыру, біріншіден олардың ақшаны қалай жұмсау керектігін үйретсе, екіншіден ақшаның қайдан келіп, қалай кететініне көз жеткізуіне және оны келешекте ұқыпты ұстай білуге баулиды. «Ақша есепті жақсы көреді» деген сөз бар. Өркениетті елдердің көбі қазір «Отбасылық бухгалтерия» әдісін қолданады. Сондай-ақ, бұл әдіс өзінің тиімді екендігін әлдеқашан дәлелдеген. Ол үшін кәсіби бухгалтер болу міндетті емес. Отбасылық бюджетті тиімді пайдалану, ол бір аса көп уақытты қажет етпейтін қарапайым тәсіл. Ең бастысы, сіз бір рет сауатты бағдарлама жасап алсаңыз болғаны. Компьютерден арнайы бет ашып немесе ондай мүмкіндік болмаса, жай ғана бір дәптерді алып, бағдарлама жасауға кірісіңіз. Ол шамамен мынадай болуы мүмкін.
1.Алдымен бағдарламаға отбасының мүшелері түгел қамтылуы тиіс.
2. Шығыс есебі.
3. Кіріс есебі.
4. Берілуге немесе алынуға тиіс қарыз.
5.Қарызды шетінен қайтару (бұл жерде банктерден алынатын қомақты несие жайында).
6. Қарыздың тек пайыздық өсімін төлеу.
7. Қарыздың қайтарылуына бақылау жасау.
8.қарызды еске салу жүйесі.
9.Шығысты жоспарлау.
10. Кірісті жоспарлау.
11.Кеңестер, т.б.
Отбасылық бухгалтерия әдісін қолдану арқылы «Қаражатты қайда жұмсадым?» деген сұрақтың бұдан әрі көлденең тұрмайтынына көз жеткізесіз. Негізі отбасылық кіріс пен шығыс деген сөздер, былайша түсінікті-ақ, бірақ талдап көрсең, кәдімгідей күрделі. Мәселен, кіріс дегенде отағасының, әйелінің жалақысы, сыйақысы, материалдық көмегі болады. Әрі қарай аса көп тізбек болуы-сирек кездесетін жағдай. Ал шығыс сөзінің астары шексіз сияқты. Азық-түлік, киім-кешек, үй, пәтер, машина, жөндеу жұмыстары, демалыс, дәрі-дәрмек, қысқаша айтқанда, жүріп-тұрудың бәрі ақша. Сондықтан да ай сайын қолға түсетін кіріс ақшаны орнымен жұмсамасаң, қарызға белшеңнен батып, ертеңгі күніңе деген сенімің азайып шыға келесің. Сол үшін отбасылық бухгалтерия әдісіне кімнің де болса жүгініп көргені артық болмасы анық.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через