КТ мен МРТ: бір ел, әртүрлі баға

КТ мен МРТ: бір ел, әртүрлі баға
фото: https://www.istockphoto.com/portfolio/JohnnyGreig

       Қазақстанда медициналық диагностикаға сұраныс жыл сайын артып келеді. Соның ішінде компьютерлі томография (КТ) мен магнитті-резонансты томография (МРТ) – ауруды ерте анықтауда аса маңызды зерттеу түрлері. Бұл қызметтер мемлекеттік медициналық ұйымдарда да, жеке клиникаларда да көрсетіледі. Алайда өңірлер бойынша олардың бағасы біркелкі емес.

       КТ мен МРТ қандай зерттеу?

       Компьютерлі томография (КТ) – адам ағзасындағы белгілі бір мүшені қабат-қабат етіп тексеруге мүмкіндік беретін заманауи әдіс. Ол көбіне өкпе, кеуде қуысы, сүйек құрылымы, ішкі ағзалар мен қан тамырларын зерттеуде қолданылады. КТ қарапайым рентгенге қарағанда анағұрлым нақты нәтиже береді.

       Магнитті-резонансты томография (МРТ) магнит өрісі мен радиотолқындар арқылы жүргізіледі. Бұл әдіс жұмсақ тіндердегі өзгерістерді егжей-тегжейлі көрсетуімен ерекшеленеді. МРТ көбіне ми, омыртқа, қан тамырлары мен құрсақ қуысына жасалады.

       Екі зерттеу де контрастты және контрастсыз түрде жүргізіледі. Контраст қолданылған нұсқа қымбатырақ болғанымен, диагноз қоюда дәлдігі жоғары.

       Қазақстандағы КТ қызметінің бағасы

       Салыстыру үшін ең көп сұранысқа ие зерттеу түрі – өкпенің (кеуде қуысының) контрастсыз КТ-сы алынды.

       Ең төмен баға Қарағанды қаласында тіркелген – қызмет құны 10 мың теңгеден басталады.

Бағасы қолжетімді қалалардың қатарында:

Ақтау

Талдықорған

Петропавл

Орал

Семей

Шымкент

       Бұл өңірлерде КТ-ға шамамен 12 мың теңгеге түсуге болады. Астанада баға 12 400 теңгеден басталады.

Бағасы біршама жоғары қалалар:

Тараз, Түркістан – 13 000 теңгеден

Алматы – 13 500 теңгеден

Павлодар – 13 800 теңге

Атырауда 3D форматтағы КТ ең арзаны 14 800 теңге,
Ақтөбеде – 15 750 теңге,
Көкшетауда – 16 000 теңгеден басталады.

Ал Қостанай мен Өскеменде КТ қызметі 18 мың теңгеден,
Қызылордада 20 мың теңгеден жоғары.

Еліміз бойынша ең қымбат КТ Жезқазған қаласында тіркелген – бұл қызметтің құны 31 750 теңгеге дейін жетеді.

Қазақстан өңірлеріндегі МРТ бағасы

МРТ бойынша салыстыру миды контрастсыз түсіру қызметіне негізделді.

Ең төмен баға:

Семей13 500 теңге

Одан кейін:

Көкшетау, Шымкент – 15 000 теңгеден

Қызылорда – 16 000 теңге

Алматы – 16 900 теңгеден

Бағасы жоғарырақ өңірлер:

Талдықорған – 17 000 теңге

Павлодар – 17 500 теңге

Ақтөбе – 17 850 теңге

Орташа және жоғары санаттағы қалалар:

Петропавл – 18 000 теңге

Орал – 19 000 теңге

Қарағанды, Тараз, Атырау, Астана – 20 000 теңгеден жоғары

Ал ең қымбат МРТ қызметі мына қалаларда байқалады:

Өскемен – 22 000 теңгеден

Қостанай, Түркістан – 24 000 теңгеден

Ақтау мен Жезқазған – 25 000 теңгеден жоғары

Қорытынды

       КТ мен МРТ қызметтерінің құны қалаға, медициналық орталықтың түріне және қолданылатын технологияға тікелей байланысты. Ірі қалаларда таңдау көп болғанымен, кейбір өңірлерде бұл қызметтер әрі қымбат, әрі қолжетімділігі шектеулі. Сондықтан тұрғындар үшін диагностикаға қолжетімділікті арттыру – өзекті мәселелердің бірі болып қала береді.