фото: https://www.istockphoto.com/portfolio/AdeneSanchez
Ақпан айында Қазақстан нарығында кейбір азық-түлік түрлерінің бағасы қымбаттауы мүмкін. Бұған Ресейдегі салық саясатына енгізілген өзгерістер тікелей әсер етіп отыр. Атап айтқанда, 1 қаңтардан бастап көрші елде қосылған құн салығы 20 пайыздан 22 пайызға дейін өсті. Сарапшылар бұл өзгеріс импорттық өнімдердің өзіндік құнын арттыратынын айтады.
Экономистердің пікірінше, алдағы айда Ресейден жеткізілетін қияр мен қызанақ, бакалея өнімдері, алкоголь мен темекі, сондай-ақ сиыр және шошқа еті бағасының өсуі ықтимал. Кейбір тауарлар бойынша қымбатшылық 30 пайызға дейін жетуі мүмкін деген болжам бар.
Қаржы сарапшысы Меруерт Махмутованың айтуынша, елдің азық-түлік қауіпсіздігі агроөнеркәсіп саласының даму деңгейіне тікелей байланысты. Оның сөзінше, Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдерінің басым бөлігі әлі күнге дейін ұсақ өндірушілердің үлесінде қалып отыр. Мал шаруашылығында өндірістің шамамен жартысы, ал өсімдік шаруашылығында төрттен бірі жеке үй шаруашылықтарына тиесілі. Мұндай құрылым ішкі нарықты тұрақты әрі жеткілікті көлемде қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, 2025 жылдың 11 айында Қазақстан Ресейден жануар және өсімдік тектес өнімдер мен дайын азық-түлік түрлерін 3 млн 127 мың АҚШ долларына импорттаған. Бұл көрсеткіш Ресейден әкелінетін барлық тауар көлемінің шамамен 18 пайызына тең.
Ел ішінде қант, балық және кондитерлік өнімдерге қатысты импортқа тәуелділік әлі де сақталып отыр. Соған қарамастан, шекаралас өңірлердің өзінде тұтынушылар отандық өнімге басымдық беруге тырысатыны байқалады.
Статистика мамандары Қазақстанның Ресейге тәуелділігі біртіндеп азайып келе жатқанын атап өтеді. Қазіргі таңда ел өзін сүт өнімдерімен дерлік толық қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар ет, астық пен ұн, күріш, жұмыртқа, көкөніс, тұз және күнбағыс майы ішкі нарықта жеткілікті көлемде бар.
Осы орайда, бағаны негізсіз көтерген кәсіпкерлерге қатысты шаралар да күшейтілген. Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын себепсіз өсіргендерге 55,7 миллион теңгеден астам айыппұл салынғаны белгілі болды.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через