фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі
Биыл мерейтойы аталып өтетін мемлекет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ әдебиет пен өнер саласында өшпес із қалдырған біртуар тұлғаларға арналған кең ауқымды көрме ҚР Ұлттық кітапханасында өз жұмысын бастады. Бұл игі бастама рухани мұраға құрметтің айқын көрінісі деуге болады.
Көрме аясында ел тарихы мен мәдениетінде ерекше орны бар 16 көрнекті тұлғаның өмір жолы мен шығармашылық мұрасы көпшілік назарына ұсынылған. Олардың қатарында халық жадында сақталған Жамбыл Жабаев, ұлт тағдыры үшін күрескен Әлихан Бөкейханов, қазақ музыка өнерінің негізін қалаған Ахмет Жұбанов, сөз өнерінің шебері Сайын Мұратбеков секілді алыптар бар.
Экспозицияда 350-ден астам баспа басылымы мен екі жүзге жуық цифрлық материал жинақталған. Кітапханаға келген әрбір оқырман мерейтой иелерінің өмірбаянына, қоғамдық қызметіне, кәсіби жетістіктеріне тереңірек үңіле алады.
Сонымен қатар мәдениет пен өнер өкілдеріне арнайы бөлім қарастырылып, олардың театр, кино және музыка саласының дамуына қосқан үлесі жан-жақты таныстырылған. Бұл — жас ұрпақ үшін тағылымды, ал аға буын үшін ойға оралатын қымбат естеліктерге толы кеңістік.
Айта кетейік, аталған көрме жыл бойы жұмыс істейді. Демек, рухани қазынаға бойлау үшін арнайы уақыт белгілеудің қажеті жоқ — қалаған сәтте барып, ұлттық тарихпен жүздесуге мүмкіндік бар.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через