фото: pixabay.com
Елдегі жол-құрылыс маусымы көп болса, 6-7 айға созылады. Ал солтүстік өңірлерде тіпті қысқа. Себебі бұл аймақта қыс ерте түседі. Яғни қардың үстіне асфальт төсей алмайсыз. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы 24.kz сайтына сільеме жасап хабарлайды.
Бірақ отандық ғалымдар: «Суыққа қарамай жол салуға болады», – дейді. Қазір «жылы асфальт» технологиясы сынақтан өтіп жатыр. Келешекте күннің суығына қарамай, жол төсеуге мүмкіндік туады. Отандық ғалымдар сынап бағаны -10 градустан төмендесе де, қатпайтын асфальт қоспасын сынақтан өткізіп жатыр. «Бұл жаңалық жол-құрылыс маусымын айтарлықтай ұзартады», – дейді мамандар.
Адина Айнаева, «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ ресми өкілі: - Жалпы Қазақстан Республикасының жол салуға арналған, автомобиль жолдарына арналған стандарттарға сәйкес күн суық кезде және жаңбыр кезде, ылғал болса, жол салуға мүлдем болмайды. Алайда қазір осы біздің институт ғалымдарының жаңа зерттеулері бар. Зерттеулер «жылы асфальт» деген атпен халық арасында кең таралып кетті. Ол жерде біздің негізгі мақсат – минус 10 градусқа дейін жол салуға мүмкіндік беру.
Иә, жаңа технология бойынша асфальт температурасы 50 градусқа төмендейді. Яғни қазіргі 150 градустан 90-100 градусқа дейін түседі. Ал асфальт қоюланып, қатпауы үшін арнайы қоспа қосылады. Соның арқасында оны алысқа да тасуға болады.

Фото: pixabay.com.
Адина Айнаева, «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ ресми өкілі: - Бір нүктеден, мысалға, асфаль-бетон зауытынан салынып жатқан жолға дейін алып барғанша біздің асфальт-бетон суып қалмауы керек. Алыс болса, жете алмай қалады. Ол тағы да қосымша шығындар. Оған жақын тағы да асфальт-бетон зауытын салу керек. Тағы да карьерлерді салу қажет. Бұл логистикалық шығындардың көбеюіне алып келеді. Егер осы жылы технологиялар, «жылы асфальт» технологиясы қабылданса, зерттеулер өзін жақсы деңгейде көрсетсе, онда біз ұзақ жолдарға да асфальтты жіберіп, 150 градустан төмен температурада салуға мүмкіндігіміз болады.
Қазір елдегі жол жағдайын арнайы мамандар тобы бақылап отыр. Салынған жолдың сапасы сын көтермесе, тапсырыс берушіге бірден хабарланады.
Темірлан Жеңісов, «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ зертханасының инженері: - Бір километрға үш керн аламыз, әр 300 метр сайын алынады. Осы жерге алып келіп, сынақ жасалынады. Біздің міндет – протокол жасап беру. Ол өтсін, өтпесін, қалай өтеді, солай протокол жасаймыз. Әрі қарай құзыреттік органдар өздері шешім қабылдайды.
Әдетте елдегі жол-құрылыс маусымы мамырдан қазанның соңына дейін жалғасады. Дегенмен солтүстік өңірде қыс ерте түсетіні белгілі. Ал жаңа технология жылдың кез келген мерзімін тиімді пайдалануға жол ашады.
Ақпарат 24.kz сайтынан алынды.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через