Жол апатына кім кінәлі? Нашар жол ма, әлде жүргізуші ме?

Жол апатына кім кінәлі? Нашар жол ма, әлде жүргізуші ме?
фото: pixabay.com

Елімізде жол апатынан қаза болатындар саны азаймай тұр. Соңғы 5 жылда 12 мыңнан астам азамат көз жұмған. Бұл туралвы "Сапалы Қазақстан" порталы qazaqstan.tv сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Биыл бір жылдың өзінде жолда 29 мың сондай оқиға тіркелген.

Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ Әкімшілік Полиция комитетінің аға инспекторы:

Қаза болған адамдардың 60 пайызы қала сыртындағы жолдардың үлесіне келеді. Ал жалпы жол апатының жол-көлік оқиғаларының 80-85 пайызы елді-мекендерге келеді.

Осы аптаның өзінде Алматы облысында 6 адам көз жұмды. Audi көлігінің 23 жастағы  жүргізушісі рөлге ие бола алмай Toyota көлігіне соқтығысқан. Ал, өткен аптада Батыс Қазақстанда екі жеңіл көлік соқтығысып, 8 адам қаза тапқан. Қазір бұл апаттар тергеп-тексеріліп жатыр. Ал, жалпы себептер мынадай-,дейді ішкі істер министрлігі.

Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ Әкімшілік Полиция комитетінің аға инспекторы:

Қарапайым қағидаларды сақтамау. Жылдамдықты сақтамау, қарама-қарсы бағытқа шығып кету, маневрды дұрыс жасамау. Қарқын алып келе жатқан құқық бұзушылықтың тағы бір түрі ол ұялы телефонға телміру.

Құқықтық статистика комитеттің дерегінше де апаттардың 87 пайызына жүргізушілер кінәлі.Бірақ, біз тек ресми органдардың мәліметіне сүйенбей халық пікірін сұрадық.

Көп ішінде сапасыз жолды кінәлағандар да бар. Бірақ, республикалық жолдарға жауапты «Қазавтожол» мекемесінің ресми өкілі былай дейді.

Сәкен Ділдахмет, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының ресми өкілі:

Апат жаңадан салынған жолдарда көп болады. Өте сапасы мықты, тақтайдай жолдарда мына көп жүргізушілер қатты айдайды. 150-200 шақырым сағатқа дейін айдайды да, сәйкесінше көлік техникалық дайын болмауы мүмкін немесе дөңгелегі жарылып кетеді.

Ішкі істер министрлігінің дерегінше де, сапалы жолдарда апаттар көп. Бірақ, онда өлім аз. Себебі, бұл жолдарда бірнеше жолақ болғандықтан қарсы бағытқа шығу болмайды. Ал, ірі апаттар қарсы бағытқа шығу салдарынан.

Азамат Мүсілов, жол сапасы жөніндегі сарапшы, қоғам белсендісі:

Бір көлік келе жатса соны басып озам деген көліктің артынан соны іле-шала бәрі алдыңғы көлікті басып озуға тырысады.  Артынан ілесіп 3-4 машина озады. Алға шығып келе жатқанның бірі рөлге ие бола алмай сәл қателік жіберсе жол апаты болады.

Жол сапасын үнемі сынап жүретін белсенді бір жолақты жолдардың бәрін кеңейту керек,-дейді. Бірақ, олар өңіраралық болғандықтан «Қазавтожол» құзіретіне кірмейді. Яғни, қаржы жергілікті бюджеттен бөлінуі тиіс. Алайда, аймақтарда бөлінген қаржының өзі жемқорлық салдарынан жолға жетпей қалатынын айтты, белсенді.

Азамат Мүсілов, жол сапасы жөніндегі сарапшы, қоғам белсендісі:

Үш жылдан астам уақыт мен дейтін жалпы 30 млрд-тың үстінде негізсіз яғни жалған құжат негізінде 13 млрд-тан  астам теңгеден айырылып отырғанын мен 3 жылдан бері дәлелдеп келе жатырмын.

Бірақ құзырлы органдардың ешбірі оған мән бермей отыр. Ал кейін сол жолда апат болса тағы да тек жүргізуші кәнілі болып шыға ма,-дейді ол.

Азамат Мүсілов, жол сапасы жөніндегі сарапшы, қоғам белсендісі:

Мен барлығы жаман, ал жүргізушілер керемет екен деп айтып тұрған жоқпын. Жүргізушілердің ішінде тәртіпсіздер көп. Алайда көліктің шоқалақтан қашып қарсы бетте екінші шоқалаққа түсіп жол апаты болмағанын кім дәлелдей алады? Оны дәлелдейтін сарапшы бар ма? Біздер мемлекет болып, қоғам болып жүргізушіні кінәлау үшін сапалы және қауіпсіз қозғалыс талабына сай жолды сыйлауымыз керек.

Ішкі істер министрлігінің дерегінше, республикалық жолдардың өзінің 12 пайызы ғана қауіпсіз жолдар санатына жатады.

Фото: pixabay.com.

Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ Әкімшілік Полиция комитетінің аға инспекторы:

Біз жүргізушілерді, жолаушыларды аман алып қалу үшін осы жол апатынан бірінші кезекте жүргізушінің қателігін кешіретін инфрақұрылым дайындауымыз керек.

Сәкен Ділдахмет, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының ресми өкілі:

Былтыр Президенттің бастамасымен біз 13 мың шақырым жолда орта жөндеу жұмыстарын бастадық. Жолдың жабыны мына стандартқа сәйкес келтіріліп қауіпсіз болуда.

Яғни, жауаптылар жолдарды жаңартуды бастады. Халықтың қанша жылғы талабын естіген болар. Енді, жүргізушілер естісе. Өйткені, айнадай жарқырап жатқан жолда да апат азаймағанын айттық. Сондықтан жүргізушілерден ережені қатаң сақтауды үнемі талап ету керек секілді.

Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ Әкімшілік Полиция комитетінің аға инспекторы:

Кеше ғана біз министрліктің тарапынан «Үлгілі жүргізуші» акциясын өткізген болатынбыз. Яғни 30 жыл автокөлікті тізгіндеп бірде бір жол көлік оқиғасын жасамаған олардың саны шамамен 700-ге жетеді екен.

Айтпақшы, былтыр ІІМ мен «Қазавтожол» бірлесіп республикалық жолдардың 8 бағытына орташа жылдамдықты есептеу камераларын қойған. Сол аймақтарда бір жылда апаттан қаза болатындар 19 пайызға азайыпты. Демек, бастама нәтиже берді, бірақ, бұл онсыз да бар орташа жылдамдықты мәжбүрлеп сақтату шарасы. 

Сонда апат болмау үшін тәртіпті сақтауды үнемі мәжбүрлеу керек пе? 

Біз бүгін жол апаттарының негізгі себептерін жан-жақты көрсетуге тырыстық. Енді әр адам өзіне сабақ пен жауапкершілік алады деп кезекті рет үміттенеміз.

Материал qazaqstan.tv сайтынан алынды.