«Жасанды интеллект туралы» заң күшіне енді

«Жасанды интеллект туралы» заң күшіне енді
фото: pixabay.com

Мемлекет басшысы Жасанды интеллект туралы заңға қол қойды. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы qazaqstan.tv сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Енді адамның келісімінсіз оның эмоциясына, мінез-құлқына жасанды интеллектінің көмегімен талдау жасауға тыйым салынады. Сондай-ақ қоғамдық орындарда біреудің бет-әлпетін тану үшін жасанды интеллектіні қолдануға болмайды. 

ЖИ көмегімен жеке деректерді жинау, талдау, енді заңға қайшы әрекет болып саналады. 

Ал қосымша бағдарламаларға «Жасанды интеллектінің негізінде жасалды» деген таңба қою міндеттеледі.

Мысалы, синтетикалық кескіндер, аудио, бейнематериалдар кескіндердің астыңғы бөлігінде немесе үстінде жасанды интеллектінің көмегімен жасалған дүние екені белгіленіп, көрсетілуі тиіс. Тағы бір маңызды бөлім - авторлық құқық туралы. ЖИ көмегімен жасалған туындыларда адамның шығармашылық үлесі болса, енді ол заңмен қорғалады, дейді Бақберген Шәріпбек, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі басқармасының сарапшысы.

Жаңа заң азаматтардың жеке деректерін қорғауға бағытталған.  

Визауалды таңбалау дипфейктердің бақылаусыз таралуын тоқтату үшін қажет. Себебі қазір жасанды интеллект адамның түрін, дауысын, тіпті мінез-құлқын дәл имитациялай алады. Жаңа талаптар жалған бейнелерді, жалған мәлімдемелерді және біреудің атын жамылып жасалған контентті азайтуға бағытталған. Сонымен қатар бұл нормалар азаматтардың жеке деректерін қорғауды күшейтпек, деді Қанат Ахатов, ІТ сарапшы.