фото: https://pixabay.com/ru/
Күзгі ауа райының құбылуына орай респираторлық вирустық инфекцияларда (ЖРВИ) «ояна бастайды». Солардың ішіндегі ең жиі кездесетіні - тұмау. Тұмау – интоксикациямен және жоғарғы тыныс жолдарының шырышты қабығының зақымдануы белгілері бар жедел вирустық инфекция. Тұмау ежелден белгілі ауру түрі. Оған ұқсас ауру туралы алғаш рет Гиппократ біздің эрамызға дейінгі 412 жылы айтқан екен. Тұмау –тез тарайтын өте жұқпалы ауру. Ұлттық госпитальдің жоғары санатты инфекционист дәрігері Сәуле Қажығалиықызы Шағмановадан тұмау жайлы бірқатар мағлұмат алған едік.
-Маусымдық тұмау вирустарының төрт түрі бар: A, B, C және D типтері. А және В тұмауы вирустары адамдар арасында таралатын және аурудың маусымдық эпидемиясын тудыратын қосалқы түрлерге бөлінеді.Тұмау және жіті респираторлық вирустық инфекциялар вирус жұқтырған адамнан басқаларға ауа арқылы беріледі. Адам жөтелгенде, сөйлегенде немесе түшкіргенде оның айналасындағы ауаға сілекей тамшылары мен вирустары бар шырыш тарайды. Ірі тамшылар айналадағы заттар мен бұйымдарға қонса, ұсақтары ауада ұзақ уақыт сақталады. Оның инкубациялық кезеңі бірнеше сағаттан 2-3 күнге дейін созылады. Ауру жедел басталады, интоксикация белгілері айқын болады . Жоғары температура, қалтырау және бас ауруы, дене ауруы, көз алмасын қозғалтқанда ауырсыну, әлсіздік, құрғақ жөтел болады –дейді инфекционист дәрігер С.Қажығалиқызы
Тұмаудың қауіптілігі
Бактериялық флораның белсендірілуіне байланысты тұмау көмейдің, трахеяның және бронхтың қабынуымен асқынуы және пневмония, отит, менингит және т.б аруларға ұласуы мүмкін. Сонымен қатар, ол басқа созылмалы аурулардың, әсіресе жүрек-тамыр және тыныс алу жолдарының ауруларын одан әрі қоздыруы ықтимал.
Тұмаумен жиі ауыратындар:
Қарт адамдар, мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалар, білім беру, денсаулық сақтау, сауда және басқа да қызмет көрсету салаларындағы қызметкерлер, жүкті әйелдер, иммундық жүйесі әлсіреген немесе қант диабеті, жүрек ауруы немесе тыныс алу жолдарының созылмалы аурулары бар адамдар.
Тұмаудың алдын алу шаралары:
Суық және тұмау маусымында тұмаудан және вирустық инфекциялардан қорғану үшін ең негізгі сақтық шаралары:Гипотермиядан, шамадан тыс жүктемеден және күйзелістен аулақ болу, ұйықыны реттеп, дұрыс тамақтану, жаңа піскен көкөністер мен жемістерді көбірек жеңіз. Сіздің ас мәзіріңізде жеткілікті ақуыз болуы керек (ет, балық, жұмыртқа, сүт өнімдері). С дәруменіне бай тағамдарды көбірек тұтынған дұрыс (итмұрын, теңіз шырғанағы, қырыққабат, цитрус жемістері).Адамдар көп жиналатын орындарға бармаған жөн. Қоғамдық көлікте, медициналық мекемелерге және басқа да қоғамдық орындарға барған кезде медициналық бетперде киіп алыңыз. Таза ауада көбірек уақыт өткізу – күнделікті серуендеу иммундық жүйені нығайтады, ұйқыны және жүрек-қан тамырларының жұмысын жақсартады. Жеке бастың гигиенасын сақтаңыз. Жөтелгенде немесе түшкіргенде мұрын мен ауызды майлықпен жабыңыз, қолыңызды сабынды сумен мұқият және жиі жуыңыз –деп кеңес береді Сәуле Қажығалқызы . Сондай-ақ науқас адамдармен жақын араласуды шектеген дұрыс.
Екпе - тұмаудан қорғаудың ең тиімді құралы. Вакциналар қауіпсіз және үздіксіз сапа бақылауынан өтеді. Тұмауға қасы егу 15- қыркүйек пен 15қараша аралығында тұмау маусымы басталғанға дейін жүргізіледі. Екпе төмендегі адамдарға жасалады.Жүктіліктің екінші және үшінші триместріндегі жүкті әйелдер,6 айдан 5 жасқа дейінгі балалар, 65 жастан асқан адамдар, созылмалы жүрек және өкпе аурулары, қант диабеті бар адамдар,медицина қызметкерлері.
Денсаулық сақтау мекемелеріндегі алдын алу шаралары:
Науқастарды оқшаулау, емделушілер орыналасқан бөлмелерді желдету, дезинфекциялық құралдармен тазалау, денсаулық сақтау мекемелеріндегі, дәріханалардағы, дүкендердегі және басқа да орындарындағы қызметкерлерден бетперде киюді талап ету.Бөлімшелерде, дәрігердің кабинеттерінде және емхана дәліздерінде ультракүлгін шамдарды, аэрозольді дезинфекциялық құралдарды және басқа да ауа тазартқыштарды үнемі қосу. Дене қызуы көтеріліп, тыныс алуы қиын белгілері бар адамдарға емханаларға кіретін бөлек кіреберістерді және сүзгілері бар оқшауланған бөлімшелерді дайындау керек.
Егер сіздің отбасыңызда біреу тұмаумен ауырса:
Дәрігерді шақырыңыз, науқасқа үйден бөлек бөлме дайындаңыз және отбасының басқа мүшелерімен, әсіресе балалармен, қарттармен және созылмалы ауруы бар адамдармен қарым-қатынасын барынша азайтуға тырысыңыз, Бөлмені жиі желдетіңіз, қолыңызды сабынмен жуыңыз,үйіңізді таза ұстаңыз, тұрмыстық заттарды тазалау құралдарымен жуыңыз және дезинфекциялаңыз.Науқасқа күтім жасау кезінде ауыз бен мұрныңызды бетпердемен жабыңыз, Ауырған адамға отбасының бір мүшесі ғана қарауы керек. Сақтық шараларына мұқият болыңыз!
Ұлттық госпитальдің журналисі Жазира Зәкірқызы
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через