Қант диабеті жасарып барады

Қант диабеті жасарып барады
фото: https://www.istockphoto.com/portfolio/Halfpoint

Қант диабетін ерте анықтау — өмір сапасын жақсартудың басты шарты. Бұл кең таралған эндокриндік ауру бүгінде әлем бойынша да, елімізде де қарқынды өсіп келеді. Біз қант диабетінің белгілері, қауіп факторлары мен алдын алу жолдары туралы толық ақпарат алу үшін Ұлттық госпитальдің 1-терапия бөлімінің эндокринолог дәрігері, «Жас мамандар кеңесінің» төрайымы Мөлдір Ермекқызы Маратовадан сұрап білген едік.

Қант диабеті – бүгінгі қоғамның өзекті мәселесі

Эндокринологтың айтуынша, әлемде 20–79 жас аралығындағы 589 миллионға жуық адам қант диабетімен ауырады. Қазақстанда да бұл көрсеткіш жоғары — 2025 жылғы мәлімет бойынша 540 мыңнан аса науқас тіркелген.

Эндокриндік ауруларға қант диабеті (1 және 2 тип), қалқанша безі патологиялары, бүйрек үсті безі мен гипофиз аурулары жатады.

Бастапқы белгілер байқалмайды

— «Қант диабетін сыртқы белгілер арқылы ерте анықтау қиын», — дейді Мөлдір Ермекқызы.

Алайда қауіп факторлары анық:

         •        35 жастан асу

         •        Артық салмақ

         •        Тұқым қуалайтын тәуекел

         •        Дұрыс тамақтанбау

         •        Қозғалыс аздығы

Ал алғашқы белгілері байқалған жағдайда дереу тексерілген жөн:

әлсіздік, шаршау, шөлдеу, жұмысқа қабілеттіліктің төмендеуі, салмақтың күрт түсуі.

Дәрігердің айтуынша, көптеген адамдар қант деңгейінің көтерілгенін білсе де, уақытылы дәрігерге бармай, асқынған кезде ғана көмекке жүгінеді. Бұл — аурудың күрделене түсуінің басты себебі.

 Қант диабетінің жасарып кетуі — қауіпті тенденция

Қазіргі таңда артық салмақпен жүрген адамдардың көбеюіне байланысты 2 типті қант диабеті бұрынғыдай 40–50 жаста емес, жастардан да анықталуда.

Бұған негізгі себептер:

         •        Дұрыс емес тамақтану

         •        Жылдам дайындалатын тағамдарға әуестік

         •        Энергетикалық сусындарды жиі қолдану

         •        Ұйқының бұзылуы

         •        Қозғалыс аздығы

Алдын алу — өз қолымызда

Эндокринологтың айтуынша, зат алмасу процесінің бұзылуына жол бермеу үшін:

         •        Тамақтану режимін сақтау

         •        Артық салмақтан арылу

         •        Ұйқыны қалыпқа келтіру

         •        Стресті азайту

         •        40 жастан кейін қант деңгейін және гликирленген гемоглобинді жылына бір рет тексеру өте маңызды.

Эндокриндік аурулар балалық шақтан басталуы мүмкін

Мөлдір Ермекқызы ата-аналарға ерекше ескерту жасайды:

«Баланың ағзасы дамып жатқан кезеңде йод, Д дәрумені секілді пайдалы заттардың жетіспеушілігі болашақта эндокриндік ауруларға әкелуі мүмкін. Егер ата-ананың зиянды әдеттері мен артық салмағы болса, бұл болашақ ұрпаққа да әсер етеді.»

Жемсау (ЗОБ) — кең таралған аурудың бірі

Дәрігер қалқанша безінің ұлғаюы бойынша да ақпарат берді:

Йод тапшылығы бездің жұмысын күшейтіп, түйіндердің пайда болуына және көлемінің ұлғаюына әкеледі. Бұл құрылымдық өзгерістерді гормондық тексерумен бірге бақылау керек.

Қалқанша безі гормондарының бұзылыстары:

         •        Гипотиреоз — гормондардың жеткіліксіз бөлінуі

         •        Гипертиреоз — шамадан тыс бөлінуі

Бұл екі жағдай да эндокринологтың бақылауын қажет етеді.

«Көптеген пациент емді бастап, кейін бақылауға келмей қояды. Соның салдарынан ауру асқынып кетеді», — дейді дәрігер.

Эндокриндік жүйе — ағзаның нәзік әрі күрделі тепе-теңдігі. Оны уақытында бақылап, дұрыс өмір салтын ұстану — аурудың алдын алудың ең тиімді жолы.

Ұлттық госпитальдің журналисі Жазира Зәкірқызы