фото: https://www.istockphoto.com/portfolio/cipella
Алматыда 40-тан аса тұрғын жаңа пәтерінің жөндеуін сеніп тапсырған компаниядан алданып қалды. Миллиондап қаржы төлеген жұрт басталған жұмыстың аяқсыз қалғанына ашулы. Арызданушылар бүгін аудандық прокуратураға барып, жағдайды жеткізді.
Үйді “үлгілі етіп береміз” дегендер уәдесінде тұрмады
Алданғандардың бірі — Аида есімді қала тұрғыны. Жаңа пәтерін мамандарға сеніп тапсырған ол алдын ала 5 миллион теңге төлеп қойған. Бірақ компания уәдені орындамаған:
— «Бірінші төлемді 9 қыркүйекте — 2,5 миллион теңге бердік. 26 қыркүйекте тағы 2,5 миллион төледік. Екі аптадан кейін тек жарығын жүргізіп, техжобасын жасады. Сол — 5 пайыз жұмыс. Одан кейін бәрі тоқтады», — дейді ол.
Жиналғандардың ішінде 14 миллионнан астам ақшасын бергендер де бар. Ең азы — 2,5 миллион теңге құйған.
100 миллион теңгеден асатын шығын
Тұрғындардың айтуынша, компания келісімшарт жасап, жөндеуді үш айда аяқтаймыз деп сендірген. Алайда:
• Жөндеу уақыты созылған,
• Жұмыс толық аяқталмаған,
• Ақша қайтарылмаған.
Жарты жыл ішінде алданғандар саны 40-қа жуықтаған, ал компанияға берілген жалпы қаражат 100 миллион теңгеден асып кеткен.
Артур Сүйменбаев есімді азамат былай дейді:
— «14 миллион теңгеден астам қаражат бердік. Ақшаны кеңсесінде қолма-қол тапсырдық. Кейін “доллар өсті, материал қымбаттады” деп сылтау айтты. Жөндеу желтоқсанда басталады деді, бірақ қаңтардың соңында әрең кірісті. Бар істегені — бөлмелердің арасына қабырға бөлгіш орнату ғана», — дейді ол.
Компания жұмысын жалғастырып жатыр
Жәбірленушілердің айтуынша, компания әлі күнге дейін тапсырыс қабылдап отыр. Тіпті жаңа клиенттерге жарнама жасап жатқан көрінеді.
Заңгер Ғабит Өмірбеков қазіргі нарықта мұндай жағдай жиілеп кеткенін айтады:
— «Алаяқтар азаматтық-құқықтық қатынасқа жатқызу үшін жалған келісімшарт жасайды. Сол арқылы толық ақы төлеуді талап етеді. Алданбас үшін ең алдымен компанияның кеңсесін барып көру керек. Пікірлері, салық төлеген-төлемегенін, тіркелу базасын тексеру маңызды», — дейді ол.
Қылмыстық іс қозғалды
Алданған тұрғындар бірігіп полицияға жүгінген. Нәтижесінде алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Алмалы ауданы прокурорының орынбасары Жандос Төлепбергенов:
— «Алмалы аудандық полиция бөлімінде қылмыстық іс тіркелді. Тергеу прокуратура бақылауында. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жарияланбайды», — деді.
Талап — әділ тергеу және компанияны жабу
Қаражатын қайтара алмай жүрген азаматтар:
• Тергеудің әділ жүргізілуін,
• Алаяқ компанияның әрекетіне заңды баға беруді,
• Өзгелер зардап шекпеуі үшін компания қызметін тоқтатуды талап етіп отыр.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через