фото: https://www.istockphoto.com
Қазір әлеуметтік желіні жас та, кәрі де тең пайдаланады. Ал оның пайдасы көп пе, жоқ әлде қаупі басым ба деген сұраққа әзірге жауап жоқ.
Жаһанда бірқатар ел әлеуметтік желіні пайдалану бойынша жас шектеуін енгізе бастады. Мұндай инновациялық заңды қабылдаған алғашқы ел Аустралия болғалы тұр.
Енді Аустралияда 16 жасқа толмаған балалар әлеуметтік желіге кіре алмайды. Елде 16 жасқа толмаған балаларға желіге кіруге тыйым салатын заң қабылданды. Парламентке өткен жылы енгізілген заң жобасы араға бір жыл салып, 10 желтоқсан күні күшіне енеді. Ата-анасының келісімі мен рұқсаты болған күннің өзінде заң жалпыға ортақ. Яғни 16 жасқа толмағандар желі қолданушысы бола алмайды. Бүгінге дейін балаларға мұндай шектеу қойған бірнеше ел бар. Дегенмен олардың ішінде заңы ең қаталы осы Аустралия.
Заңға құлақ аспаған компаниялар 32 млн АҚШ доллары көлемінде айыппұл төлейді. Қазан айындағы парламенттік тыңдауда Google-дан басқа барлық ірі компаниялар заңға бағынуға дайын екендерін айтты. Жас шектеулері тоғыз ірі платформаға қолданылады. Олар Meta компаниясына тиесілі Facebook пен Instagram, кейін Snapchat, TikTok, X, YouTube, Reddit, Kick және Threads платформалары. Аустралияда 10–15 жас аралығындағы балалардың 95%-інде кемі бір әлеуметтік желіде жеке парақшасы бар. Facebook-та 13–15 жастағы 150 мың, ал Instagram-да 350 мың жасөспірім тіркелген. Meta олардың парақшаларын өшіру жұмыстарын бастап кетті.
Енді компаниялар 16 жасқа толғанын дәлелдеу үшін бет-жүзі анық көрінетін фото немесе мемлекеттік куәлік ұсынуды талап етеді. Осы тұста көп аустралиялық жеке деректердің қолды болуынан қауіптенеді. Жуық арада күшіне енетін тыйымды БҰҰ-ның балалар қоры да аса қолдай қоймады. ЮНИСЕФ бұл заң жастарды одан әрі қауіпке итермелеуі мүмкін екенін ескертті. Қоғамда әлеуметтік желілерге шектеу енгізу туралы шешімді құптап отырғандар да жоқ емес. Заң қабылданғаннан кейін жүргізілген сауалнама ел халқының 77%-і оны қолдағанын көрсетті. Бұған дейін АҚШ-тың бірнеше штаты балалардың әлеуметтік желілерге кіруін шектеуге әрекеттенген еді. Бірақ көпшілігі ата-анасының рұқсатымен кіре алатын болып шықты. Аустралияның ізінен Жаңа Зеландия 16 жасқа толмағандарға, ал Дания 15 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерді қолдануға тыйым салуды ұсынды. Сингапур да әлеуметтік желілерге жас шектеулерін енгізу мәселесін Аустралиямен талқылап жатыр. Сарапшылар бұл тың өзгеріс толық күшіне енуі үшін кемі жарты жыл уақыт қажет деп отыр. Ендеше жаңа заңның жасөспірімдер арасындағы қауіп-қатерді азайтуға пәрмені жете ме, жоқ па – ол жағы алдағы жарты жылда белгілі болмақ.
https://24.kz/kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через