Алматыда 20-дан астам жаңа мұз айдыны ашылады

Алматыда 20-дан астам жаңа мұз айдыны ашылады
фото: pixabay.com

2027 жылға дейін Алматыда алты жаңа спорт орталығы салынады.
                           

Алматыда бүгінде 3,6 мыңнан астам спорт нысаны қызмет көрсетеді. Бұл туралы қалалық Спорт басқармасы хабарлады, деп жазды Informburo.kz.

Ведомствоның мәліметінше, 2024–2025 жылдары қалада алты жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылып, жеке инвестиция есебінен екі спорт нысаны салынды. Алатау ауданындағы Нұркент шағынауданында инвесторлар аяқтаған жаңа теннис орталығы іске қосылды. 

Сонымен қатар "Тұлпар" кешені ұлттық спорт түрлерін дамыту үшін коммуналдық меншікке қайтарылды. Райымбек даңғылы бойында ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған спорт орталығының құрылысы басталды.
2027 жылдың соңына дейін Наурызбай, Алатау және Түрксіб аудандарында жалпы ауданы 71 мың шаршы метрді құрайтын алты жаңа спорт кешені бой көтереді. Бұған қоса үш спорт мектебін жаңғырту жоспарланған:

№9 спорт мектебі – сейсмикалық күшейтумен бірге күрделі жөндеуге дайындалып жатыр;
Спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернат – сараптаманың оң қорытындысын алды;
№2 спорт мектебі – күрделі жөндеу жобасы әзірленіп жатыр.

"Қаладағы ірі жобалардың қатарында FIFA және UEFA талаптарына сай 40 мың көрерменге арналған жаңа футбол стадионының құрылысы бар. Сонымен қатар төбесі 17 метр болатын, халықаралық жарыстар өткізуге мүмкіндік беретін көркем гимнастика орталығы салынады. Орталық стадион да жаңарып, сәулеттік келбеті мен жеңіл атлетика жолақтары сақталады. Белгілі "Медеу" спорт кешенін жаңғырту жұмыстары да басталды. Тарихи келбеті сақтала отырып, инженерлік жүйелер толық жаңартылып, спортшылар мен туристерге қолайлы жағдай жасалады", – делінген хабарламада.

Спорт басқармасының айтуынша, жыл соңына дейін қалада 20-дан астам жаңа мұз айдыны ашылады.

Материал  Informburo.kz сайтынан алынды.