Қазақстанда есту қабілеті нашарлаған жасөспірімдер көбейді

Қазақстанда есту қабілеті нашарлаған жасөспірімдер көбейді
фото: https://www.istockphoto.com/

Соңғы жылдары елімізде есту қабілеті төмендеген жасөспірімдердің қатары артып отыр. Мамандар бұл жағдайға құлаққаптың дұрыс қолданылмауы мен қоршаған ортаның шудығы тікелей әсер ететінін айтуда.

Дәрігерлер дабыл қағуда

Дәрігер Ақбаян Нұрғабылқызының айтуынша, қазіргі уақытта 12-17 жас аралығындағы балалар арасында есту қабілетінің төмендеуі алаңдатарлық деңгейге жеткен.

– Қоғамдағы шудың артуы, құлақ жарақаттары мен инфекциялар – есту жүйесіне зиян келтіретін негізгі факторлар. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, жасөспірімдер арасында құлағы ауырлайтындар 15-20%-ға көбейген, – дейді маман «Бүгін LIVE» бағдарламасында.

Құлаққап — басты қауіптің бірі

Ақбаян Нұрғабылқызы құлаққапты дұрыс пайдаланбау — есту қабілетінің нашарлауына себепші басты факторлардың бірі екенін атап өтті.

– Жастар құлаққаптың дыбысын тым қатты қойып тыңдайды. Бұл – құлақ ішіндегі құрылымдарға зақым келтіруі мүмкін. Қазір «60/60» ережесі ұсынылады: дыбыс деңгейі 60%-дан аспауы керек, ал тыңдау ұзақтығы 60 минуттан артық болмағаны жөн. Сонымен қатар құлаққап гигиенасы сақталмаса, бактериялар көбейіп, құлақ қабынулары пайда болады, – дейді ол.

Ата-аналарға маңызды кеңес

Маман балалардың есту саулығын сақтау үшін ата-аналарға мынадай ұсыныстар жасайды:

Бала сөйлеген сөзді бірнеше рет сұрай берсе – бұл естудің әлсіреген белгісі болуы мүмкін;

Бас айналу, тепе-теңдікті сақтау қиындығы да – құлақтағы мәселенің бір белгісі;

Мұндайда бірден құлақ, мұрын, тамақ дәрігеріне (ЛОР) қаралу қажет;

Баланың құлаққап қолдану уақытын шектеу – басты шара;

Жылына кемінде бір рет профилактикалық тексеруден өту маңызды.

Есту аппараттары кімдерге тегін беріледі?

Айта кетейік, елімізде мүгедектігі жоқ азаматтар да медициналық көрсеткіштер бойынша есту протездерімен (аппараттарымен) тегін қамтамасыз етіледі.

Stadard.kz