фото: Ұлттық госпиталь
Күз – маусымдық аллергиямен күресті бастауға ең тиімді уақыт. Себебі дәл осы мезгілде ағза тынығып, келесі көктемгі аллергендер маусымына алдын ала дайындалуға мүмкіндік туады. Ұлттық госпитальде маусымдық аллергияны анықтау мен емдеу үдерісі халықаралық стандарттарға сай жүргізіледі. Мұнда заманауи зертханалық талдаулар, жоғары сезімталдықтағы аллерготесттер қолданылады және әр науқасқа жеке емдеу тәсілі таңдалады. Емдеу процесі аллерголог пен иммунологтың тұрақты бақылауында өтеді.
Маусымдық аллергияны не себепті күзде емдейді?
Көпшілік аллергиямен тек көктем мен жаз айларында күреседі. Ал шын мәнінде, ең тиімді емдеу кезеңі – күз. Себебі бұл уақытта ағзада аллергиялық белсенділік төмендейді. Осы кезде жүргізілетін аллерген-спецификалық иммунотерапия (АСИТ) емнің тиімділігін және қауіпсіздігін арттырады.
АСИТ-тің мәні – ағзаны аллергия тудыратын заттарға біртіндеп үйрету. Нәтижесінде иммундық жүйе аллергенге дұрыс жауап беруді үйренеді. Бұл көктемде аллергия белгілерінің әлдеқайда жеңіл өтуіне немесе мүлде болмауына көмектеседі.
Аллергия арнайы вакцина арқылы емделеді
Ұлттық госпитальде аллергияға қарсы ем арнайы вакцина (аллерген-спецификалық иммунотерапия) арқылы жүргізіледі. Бұл ем аллергияның себебіне тікелей әсер етеді және ұзақ мерзімді ремиссияға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта қолданылатын вакциналардың бірнеше түрі бар:
• Инъекциялық (екпе) – дәрігердің бақылауымен жүргізіледі;
• Тіл астына тамызылатын сұйық немесе таблетка түрі – заманауи, адамға ыңғайлы әдіс, емді үй жағдайында қабылдауға болады.
Барлық вакциналар халықаралық қауіпсіздік және тиімділік стандарттарына толық сай келеді.
Алғашқы нәтижелер бірнеше айдан кейін байқалса, тұрақты әсер 2–3 жылдық толық курстан кейін қалыптасады.
Аллергиядан біржола құтылуға бола ма?
Иә, мүмкін. Егер вакцинация курсы дәрігер белгілеген мерзім мен мөлшерге сай толық өтсе, созылмалы аллергиядан толық айығуға болады.
Бұл ем ағзаны аллергенге біртіндеп үйретіп, иммундық жүйенің дұрыс жұмыс істеуін қалыптастырады.
Біздің тәжірибеде емнің толық курсын өткен көптеген науқастар бұрын мазалайтын аллергия белгілерінен біржола арылып, қалыпты өмір салтына оралған.
Жаңа тәсілдер мен еуропалық стандарт
Келер жылы Ұлттық госпитальде аллергияны емдеуде екі бағыт қатар қолданылады:
• Lofarma Allergoid (Еуропалық стандарт бойынша) – ұзақ мерзімді иммундық төзімділік қалыптастырады;
• Антиполлин (Қазақстандық тәжірибе негізінде) – аллергия симптомдарын тез жеңілдетуге бағытталған.
Бұл әдістер бір-бірін толықтырады және тек аллергологтың бақылауымен ғана жүргізіледі.
Қорытынды
Маусымдық аллергия – тек уақытша қолайсыздық емес, оны елемей қою ағзаға ұзақ мерзімді әсер етуі мүмкін. Сондықтан аллергияны көктем келгенде емес, күзде емдеуді бастау – ең дұрыс шешім.
Ұлттық госпитальдің тәжірибелі мамандары мен халықаралық деңгейдегі диагностикалық мүмкіндіктері емнің тиімді және қауіпсіз өтуіне кепіл болады.
Терапевт-аллерголог Ақерке Бекболатова
Ұлттық госпиталь
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через