Марқакөлде су құзғыны қаптап кетті

Марқакөлде су құзғыны қаптап кетті
фото: https://pixabay.com

       Былтыр 800 бас жыртқыш құс байқалса, биыл олардың саны төрт есе артқан. 

       Бұл көлдегі тіршілік көзіне үлкен қауіп, дейді мамандар. Жыртқыш құс әсіресе Марқакөлдегі майқан балығын жойып жіберуі мүмкін. Сондықтан қорықшылар қанаттылар санын реттеуге заңды тұрғыда рұқсат берілу керек дейді. 

       Марқакөлде балықтың жеті түрі кездеседі. Соның ішінде тек осында мекендейтін майқан балығы бар. Бірақ флора мен фаунасы таңғалдыратын бұл аймақта биыл су құзғыны қаптаған. Жыртқыш құс көлдегі тіршілік көзінен түк қояр емес. Қорықшылар жағалауды бойлап, оларды үркітумен ғана шектелуге мәжбүр. Себебі қорық аумағында атуға тыйым салынған. 

       Құстар да қуланып алған. Үркіткенді елемейді. Ұясын бұрынғыдай жеке ағашқа емес, қалың орман ішіне биікке салатын болған. Ал балық уылдырық шашқанда кезеңде тіпті өзен басынан шықпайды. 

       Су құзғындарының тәбеті мықты, дейді ихтиологтар. Мысалы, жергілікті балықшыларға 22 мың тонна балық аулауға рұсқат берілгенімен, соның 5 тоннасы ғана игеріледі. Ал жыртқыш қанаттылардың қомағайлығы сондай, күніне 5 келіге дейін балық жейді.

       Табиғат жанашырлары болса су құзғындарының санын реттеудің бір ғана жолы бар дейді. 

       Дегенмен, ату шарасы үшін алдымен арнайы зерттеу жүргізіліп, биологиялық негіздеме жасалуы тиіс. Ал қорықта бұл жұмысқа жауапты орнитолог жоқ. Мәселені өз күшімен шешуге қауқарсыз қорықшылар енді мемлекеттен қолдау күтеді.

       https://24.kz/kz