Бүгін Интервидение байқауында еліміз намысын «Amre» қорғайды

Бүгін Интервидение байқауында еліміз намысын «Amre» қорғайды
фото: pixabay.com

Мәскеуде «Интервидение -2025» халықаралық ән байқауы өтеді. 

Өнер бәйгесінде Қазақстан атынан Әмре атымен танымал Ернар Садырбаев қатысады. Ол  «Славян базары» халықаралық байқауының жеңімпазы әрі «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Сахна төрінде онымен бірге сегіз жастағы Жасмин Қайратқызы да өнер көрсетпек. Ол осы жарыстың ең жас қатысушысы. Арнайы жарияланған кастингте жүзден аса қатысушының ішінен озық шыққан. 

Жалпы сайыста 23 елдің әншілері өнер көрсетеді. Тікелей эфир 2 млрд халқы бар елдерге таратылады. Әмре халықаралық байқауда «Дала таңы» атты туындысын орындамақ. Музыкасын өзі жазған. Сөзі Саят Рахымжановтыкі.

Нөмірдің толық мазмұны құпия сақталуда, алайда ұйымдастырушылар оның әсерлі әрі ерекше болатынын атап өтті.

Биылғы байқауда Бразилиядан дуэт Лусиану Калазанса мен Таис Надер, Беларусь елінен әнші Анастасия Кравченко да өнер көрсетеді. Соңғысы Қазақстанның нөмірін «әсерлі және жүрекке жететін туынды» деп бағалады.

«Интервидение-2025» байқауының финалы 20 қыркүйекте сағат 22:30-да «Еуразия» бірінші арнасында көрсетіледі, деп жазды kaz.inform.kz.