фото: https://www.istockphoto.com/portfolio/aldomurillo
Бала сабақ оқығысы келмесе не істеу керек? Үй тапсырмасын айқай-шусыз қалай орындатуға болады? Оқу жылы басталғанда бұл сұрақтар мыңдаған ата-ананың бас ауруына айналады.
Сабақ оқымасаң университетке түспейсің, болашағың болмайды. Ата-аналар мәселені күрделендіріп, үй тапсырмасын үлкен жауапкершілік жүгіне айналдырады, ал бұл шиеленіс балаға беріледі.
"Егер ата-ана ашық айтып: "Біз сенің болашағың үшін қорқамыз, сондықтан сабақты маңызды деп санаймыз" десе, балаға түсінікті болар еді", - дейді психолог Лейла Мирас.
Маманның айтуынша, қызығушылық пен ынта жоғалғанда кез келген іс ауыр міндетке айналады.
"Үй тапсырмасы сабақ болудан қалады да, тек күнделікті күйбеңге, шиеленіс ошағына айналады. Егер мұнда айқай, ренжітетін сөздер, шу сияқты сәттер болса, бала психикасы мына байланысты есте сақтайды: сабақ - қауіпті. Келесі жолы бала сабаққа қызығушылықпен емес, қалай ашуландырмаймын, қалай қателеспеймін, қалай болашағымды құртып алмаймын деген оймен қарайды", - деп қосты Мирас.
Ана мен әкенің көңіл күйі баланы қалай уайымшыл етеді?
Психологтың айтуынша, көп нәрсе ересектердің тұрақтылығына байланысты.
"Балалар бізді тез сканерлеуді үйренеді: есіктің дыбысына, дәліздегі қадамға, сөмкенің үстелге қалай қойылғанына қарап-ақ, не күту керегін түсініп қояды. Олар әрдайым дайындықта өмір сүреді - жасыруға, тығып тастауға, көрсетпеуге. Тек ұрыспса екен деген оймен жүреді. Бұл - созылмалы уайым. Оған мақсат, дағды және қуанышқа кететін орасан зор ресурс жұмсалады. Содан кейін неге бала сабақ қарамайды деп таңғалмаңыз, себебі оның ішкі күші түгелімен ана мен әкені бақылауға кетеді", - дейді психолог.
Ата-анаға ашуын баладан алмау үшін не істеу керек?
Маманның айтуынша, ата-аналар үшін ең бірінші маңызды дағды - белгісіздікті көтере білу. Өйткені бәрін бақылап отыру мүмкін емес: бала қайда түсетінін, кім болатынын және қандай жағдайларға тап болатынын алдын ала білу мүмкін емес. Екінші дағды - баланың кейде қиналатынын қабылдау. Бұл шынымен ата-ана көмегіне және қолдауына мұқтаж сәттер болады.
"Бала үйде сізді бір команда деп білсін. Мұғалім үлгерімді өлшейді, ал ата-ана тірек болады. Үй тапсырмаларының барлығы да осы ұстанымнан басталады", - деп кеңес берді психолог.
Қалай мақтау керек және қалай өтініш айту керек?
Егер бала сізді шынымен тыңдасын десеңіз, 5:1 ережесін ұстаныңыз: алдымен оның жақсы істеп жатқан бес ісін атап өтіңіз және соңында тек бір өтініш айтыңыз. Ал егер әңгіме бірден наразылықтан басталса, психика қорғанысқа көшіп, бала ештеңені қабылдамайды.
Ұмытпаңыз: мектептің мақсаты - оқуға үйрету. Талант бар болғаны 10 пайыз, қалғанының бәрі он мың сағаттық тәжірибе. Біздің міндетіміз - кез келген бағамен ең жоғары бағаға жету емес, керісінше, төзімділікті дамыту, мәселені шешудің жолдарын іздеуге үйрету, тапсырмаға қайта оралу әдетін қалыптастыру. Сонда ғана, нағыз қызығушылық оянады. Бұл алдағы өмірінде баланы сынбауға бейімдейді.
https://kaz.tengrinews.kz/
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через