фото: https://pixabay.com/ru/
Алматы облысы Ұйғыр ауданының шаруалары жүгері оруға кірісті. Биыл жүгері алқаптары былтырмен салыстырғанда екі мың гектарға ұлғайды. Аудан бойынша 45 мың тоннадай дақыл жиналады деген болжам бар. Ұйғыр ауданы бойынша көктемгі егіс науқаны кезінде 25 мың гектар жерге дәнді-дақыл егілді. Соның бестен бір бөлігі жүгері алқабы. Жергілікті шаруалар былтыр 4 мың гектар суармалы алқапқа жүгері ексе, биыл бұл көлем 6 мың гектарға жетті. Соның 3500 гектары Шарын ауылының аумағында егілді. Фархат Ахмуллаев, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы: - Былтыр бізде 4200 гектар болды. Биыл енді жоспарда 6000 гектардан 43 000 - 45 000 тоннадай дән аламыз деп жоспарлап отырмыз. Ол жоспарлағанның 20 000 тоннасы өзімізге қалады, қалған 23 000 тоннасын Жетісу облысындағы «Жаркент крахмал паточный» зауытына, Алматы облысындағы «Азия агрофудқа» өткізіледі. Аудандағы шаруашылықтар биыл 3500 гектар алқапқа су үнемдеу технологиясын енгізді. Мемлекет тарапынан тыңайтқыш мен дизель отынын алуға және өнімді қайта өңдеуге субсидия төленеді. Жиналған жүгерінің жартысына жуығы мал азығы ретінде пайдаланылады. Бахтияр Ибрагимов, шаруа қожалығының басшысы: - 2000 жылдан бері жүгері егіп жүрміз. Енді міне, биыл бірінші рет «силосты» егіп жатырмыз. Жылда шабатын едік. Гектарына 100 центнерден келетін еді. 8 гектардан 250-300 тоннадай силос аламыз деп жатырмыз. Облыс бойынша жалпы аумағы 50 мың гектардан астам алқапқа жүгері егілді. Өңірдегі шаруашылықтар былтыр 270 мың тонна жүгері жинады. Өнімділік былтырғыға қарағанда біршама жоғары болады деген болжам бар.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через