фото: Видеодан скрин
Алматыға әлемдік поп-мәдениет аңыздарына айналған топ — Backstreet Boys келді, деп хаюарлады kaz.inform.kz.
Backstreet Boys концерті Алматы күніне орай ұйымдастырылып отыр.
Әлеуметтік желілерде әуежайда музыканттарды жылы шыраймен қарсы алған сәттердің кадрлары тарады. Әртістерге сый-сияпат көрсетіліп, қазақы тақия мен «Қазақстан» шоколады табыс етілді.
Көптен күткен концерт, ертең 19-қыркүйекте қаланың Орталық стадионында өтеді.
Күздің ең ірі мәдени оқиғаларының бірі болатын бұл шараға шамамен 27 мың көрермен жиналуы мүмкін.
almaty.tv хабардағанындай, концерт кезінде тәртіпті қадағалау үшін 2100-ден астам полиция қызметкері, 500 ұлттық гвардия әскері және 200 күзетші жұмылдырылады. Іс-шара алдында кинологтар аумақты тексеріп, инженерлік желілерді бақылаудан өткізеді. Көрермендер металл іздегіш рамалар мен сканерлер арқылы кіргізіледі.
«Абай даңғылы уақытша жабылады, көлік кептелісінің алдын алу үшін арнайы «змейка» түріндегі турникеттер қойылады. Сонымен қатар алыпсатарлық пен заңсыз акцияларға қарсы күрес шаралары күшейтіледі, нақты алгоритм дайын», – деді әкімнің орынбасары Азамат Қалдыбеков.
Медициналық және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету қарастырылған: стадионда жедел жәрдем көліктері мен өрт сөндіру бригадалары кезекшілік етеді, эвакуациялық жоспар әзірленген. Санитарлық талаптарға да баса мән беріліп, аумақты күн сайын тазалау, биоөңдеу жүргізу және санитайзерлер орнату міндеттелді.
Концертке 150 ерікті тартылады. Олар тек 18 жастан асқан жастардан іріктеледі, әрқайсысына тегін тамақтану талондары беріледі.
Концертті ұйымдастырушы First Media Group компаниясының басқарушы серіктесі Альфия Нұрғұмарова алдыңғы тәжірибеге сүйене отырып, жаңашаралар қабылданғанын атап өтті:
«Дженнифер Лопестің концерті бізге үлкен сабақ болды. Осы жолы қауіпсіздік күшейтіліп, жаңашылдықтар енгізіледі. Билеттерді тексеретін қызметкерлер саны 100-ден 150-ге артты. Стадион аумағына қосымша бейнекамералар орнатылып, алаяқтық әрекеттерді хабарлау үшін сенім телефоны іске қосылады, нөмірі LED-экрандарда көрсетіледі. Волонтерлер саны да көбейтілді. Бұдан бөлек, фуд-корт аймақтары кеңейіп, көрермендерге тегін су таратылады», – деді Альфия Нұрғұмарова.
Алматы әкімдігі басты назар қауіпсіздікке, көрермендердің жайлылығына және ұйымдастыру сапасына аударылатынын хабарлады.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через