Тәртіп бұзатындар қоғамдық жұмысқа тартылады

Тәртіп бұзатындар қоғамдық жұмысқа тартылады
фото: pixabay.com

Бұдан бұлай, отбасында айғай-шу шығарып көршінің мазасын алатындар мен қоғамдық орындарда тәртіп бұзатындар қоғамдық жұмысқа тартылады, деп хабарлайды qazaqstan.tv. 

Жаңа ереже 1 қыркүйектен бастап күшіне енеді. 

Мәселен, жанұясының мазасын алып, жұбайын қорлағандар 20 сағатқа, балағат сөз айтып, жұртқа тиіскендер 60 сағатқа дейін көше тазалайды. Мұндай жаза кез келген жерге қоқыс тастайтындарға да қолданылады. Тәртіпсіздік жасағандар 80 сағатқа дейін қоқыс тазалауы мүмкін, яки көше сыпырады. Бұдан бөлек, мас күйде қоғамдық орынға шыққандар 20 сағат қоғамдық жұмысқа жұмылдырылады. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады.

Ал жедел жәрдем немесе полицияға жол бермеген жүргізушілерге 40 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұл орнына 20 сағат көше тазалайды. Бір жылда бірнеше рет ереже бұзып, апатқа себеп болған самокатшы мен жаяу жүргіншіге де дәл осы жаза қолданылады. 

Айта кетейік, қоғамдық жұмыстан бөлек айыппұл да сақталады. Бұзақылық жасаған адамның келісімінсіз қоғамдық жұмыс түріндегі жаза тағайындалмайды.