фото: https://www.istockphoto.com/portfolio/GomezDavid
Орман – табиғаттың алтын діңгегі, адамзатқа ауа мен өмір сыйлайтын баға жетпес байлық. Ол – жай ғана ағаштар шоғыры емес, онда сан түрлі өсімдік түрі өсіп, аң-құстар өріп жүреді. Бұл – экожүйенің жүрегі, тіршіліктің тынысы, болашақ ұрпаққа қалатын асыл мұра.
Алайда соңғы жылдары орман алқаптарына төнген ең үлкен қауіптердің бірі – орман өрті. Қас-қағым сәтте тұтанып, мыңдаған гектар жерді жалмап кететін бұл апат табиғатқа орасан зиян келтіреді. Жасыл желек күлге айналып, жан-жануарлар тіршілігінен айырылады, ал экологиялық тепе-теңдік бұзылады. Тіпті кей жағдайларда бұл өрт адам өміріне де қауіп төндіреді.
Орман өрті көбіне адам немқұрайлығының салдарынан туындайды. Демалыс кезіндегі абайсыздық, сөндірілмеген темекі тұқылы, рұқсат етілмеген жерлерде от жағу – мұның бәрі үлкен қайғыға ұласып жатады. Сондықтан әрбір азамат табиғатқа деген жауапкершілігін терең сезінуі қажет.
Ендеше, орманды өрттен қорғау үшін не істеуіміз керек?
Біріншіден, орманға барғанда қауіпсіздік ережелерін бұлжытпай сақтау қажет.
Екіншіден, отты тек арнайы белгіленген жерлерде жағып, оны толық сөндіріп кетуді ұмытпауымыз керек.
Үшіншіден, жас ұрпаққа табиғатты сүюді, оны қорғауды үйрету – ата-ана мен ұстаздың маңызды міндеті.
Орман – баршамызға ортақ байлық. Оны көздің қарашығындай сақтау – азаматтық борышымыз. Табиғатты аялау арқылы біз болашаққа – жасыл әлем мен таза ауасы бар жарқын өмір сыйлаймыз.
Келіңіз, табиғатты бірге қорғайық!
Ақсай филиалының эколог-ағартушысы: Анар Нұрханова
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через