фото: “Автоматтандыру және робототехника” кафедрасы
Алматы технологиялық университетінің «Автоматтандыру және робототехника» кафедрасында энергетика саласындағы жаңа кезеңді бастаған «6B07109 – Цифрлық энергетика» білім беру бағдарламасы өз жұмысын бастады. Энергетика – мемлекет экономикасының іргетасы, өндіріс пен әлеуметтік инфрақұрылымның тұрақты дамуын қамтамасыз ететін басты сала. Қазіргі уақытта бұл салада ауқымды өзгерістер жүріп жатыр: автоматтандыру, цифрлық технологияларды енгізу, энергия тиімділігін арттыру және «ақылды» желілер құру бағыттары ерекше қарқын алуда.
Осы үрдістерге жауап ретінде және еңбек нарығының сұранысына сай, университетімізде жаңа «6B07109 - Цифрлық энергетика» білім беру бағдарламасы өз жұмысын бастады. Бағдарлама Қазақстанның энергетика секторына жаңа буын, заманауи ойлайтын, жоғары білікті мамандарды даярлауға бағытталған.
Бағдарламаның негізгі мақсаты – энергетика саласында кәсіби құзыреттері дамыған, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды (АКТ) еркін меңгерген, энергетикалық жүйелерді жобалау және басқаруда инновациялық тәсілдерді қолдана алатын мамандарды даярлау. Сонымен қатар, студенттер әлеуметтік және басқарушылық дағдыларын дамытып, қазіргі технологиялық және әлеуметтік ортада табысты еңбек етуге дайын болады.
Бағдарлама аясында білім алушылар келесі бағыттар бойынша терең дайындықтан өтеді:
• Энергетикалық жүйелерді жобалау – электр станциялары мен тарату желілерін жобалаудың заманауи әдістерін меңгеру;
• Smart Grid (Ақылды желілер) – деректерді талдау, энергия тарату мен тұтынуды автоматтандыру, тиімділікті арттыруға арналған заманауи технологияларды үйрену.
Бағдарлама түлектерінің еңбек нарығында сұранысқа ие болатын кәсіби бағыттары мыналар:
• Инженер-энергетик
• Энергетикалық жүйелер жобалаушысы
• Автоматтандыру инженері (АСУ ТП)
• Smart Grid маманы
• Энергоменеджер
• Энергетикалық жабдықтарды пайдалану инженері
• Цифрлық технологиялар бойынша энергетика маманы
• Электр инженері немесе конструктор
• Энергетика саласындағы техникалық кеңесші
• Ғылыми қызметкер / зерттеуші
Қазақстан энергетикасы бүгінде жаңғырту және цифрландыру кезеңінде тұр. Жаңартылатын энергия көздерін енгізу, энергия тиімділігін арттыру, автоматтандырылған басқару жүйелерін дамыту – осының барлығы жаңа білім мен дағдыны талап етеді. «Цифрлық энергетика» бағдарламасы бұл сұранысты қанағаттандырып қана қоймай, елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық қадам болып табылады.
Жаңа білім беру бағдарламасының іске қосылуы – энергетика саласына жоғары білікті мамандар легін қалыптастыратын маңызды бастама. Бұл бағдарлама түлектері ертеңгі күні интеллектуалды энергетикалық жүйелерді жобалап, инновациялық технологияларды енгізу арқылы Қазақстанның тұрақты энергетикалық дамуына елеулі үлес қосады.
“Автоматтандыру және робототехника” кафедрасының меңгерушісі Орманбекова А. А.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через