фото: pixabay.com
Енді белгісіз шотқа қомақты ақша аударсаңыз, әп-сәтте қылмыстық істің қатысушысына айналып, темір торға тоғытылуыңыз мүмкін. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы 24.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
16 шілде күні Қылмыстық кодекске «Банктік шотқа, төлем құралына қолжетімділікті заңсыз ұсыну, сондай-ақ төлемдерді және ақша аударымдарын заңсыз жүзеге асыру» бойынша жаңа бап енгізілді. Бұған сәйкес заңсыз пайда табу мақсатында үшінші тұлғаларға банк картасын, есепшот нөмірін беріп, белгісіз адамға қаражат аударған азаматтар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Мұндағы мақсат – дропперлік желіні үзіп, интернет алаяқтықтың алдын-алу. Сонда интернет аударымды қалай жасаған жөн? Алаяққа алданбас үшін нені ескеру қажет? Ішкі істер министрлігінің ақпаратына сенсек, жыл басынан бері интернет арқылы 11 мыңнан аса алаяқтық фактісі тіркелген. Оның 6 мыңға жуығы дропперлік жүйе арқылы жүргізіліпті. Күмәнді аударым көмегімен осынша іс тіркелсе де, кінәлілерді жазалау тетігі заңдық тұрғыдан енді ғана бекітілді. Демек, енді азаматтардан ақшаны жымқырған әккі алаяқтар ғана емес, делдал болып, оған аударым жасаған адамдар да күдіктілер қатарына ілігеді.
Бейбіт Біржанов, ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті басқарма бастығының орынбасары: - Аталған баппен материалдық сыйақы немесе мүліктік сипаттағы пайда мақсатында 3 тұлғаға өзінің банктік шотын немесе төлем құралын заңсыз пайдалануға бергені үшін келтірілген шығынның мөлшеріне сәйкес 50 күнге дейін қамаққа алу және 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Назым Қайрат:
- «Танысыңа банк қосымшасы арқылы ақша аударсаң да, төлемді телефон нөмірі арқылы жіберсең де күдікке ілінесің бе?» деген сұрақтар көптің көкейінде жүргені анық. Танысыңа, досыңа, туысыңа ақша жіберу дропперлікке жатпайды. Дропперлік деген заңсыз пайда табу мақсатында өзгенің шотына қаржы жіберу немесе басқа бір адамның банктік деректерін беру. Мысалы, «қазір мен саған осынша ақша аударам, оны мына нөмірге жіберсең, саған соның 10-20 пайызын берем» деген сынды өтініштерден сақ болыңыз. Шотқа қаржы жіберуді сұрап, қолма-қол ақшаға айналдырып берем дейтін пысықайлардан да аулақ болған жөн. Ал сауда кезіндегі төлемді заңгерлер аударым арқылы емес, картамен жасауға кеңес береді.
Сая Құрманғазықызы, заңгер:
- Егер 1000 МРП-дан жоғары болса, тек қана төлем арқылы жасалуы керек. Ол тек карта немесе банктің есепшоты арқылы. Сонда өз-өзіңізді сақтап қаласыз. Қате аударып қойса, онда дереу полицияға барып, арыз жазу керек. Сол кезде ғана ол кісі өз-өзін сақтандырып ала алады.
Нұржан Биякаев, банк сұрақтары бойынша тәуелсіз сарапшы: - Қазір дропперлікке тартудың түр-түрі шықты. Алаяқтар саған «дроппер боласың ба?» деп тікелей айтпаса да, Телеграм арналары арқылы ақша табудың жеңіл әдісін ұсынады. Жай ғана белгілі бір есепшотқа қаражат аудару керек дейді, болды. Сөйтіп, дропперлік жүйеге тартады. «Мен білмедім, мен жай ғана ақша аудардым» деп жылап жүрген жас балалар қазір маған күнде келеді.
Ойламаған жерден алаяқтық жүйенің құрбанына айналған жандардың бірі – Рафаэль Сафиуллин. Бір жарым жыл бұрын белгісіз біреулер оның атынан карта ашып, сол арқылы ұрланған ақшаны қысқа уақытта банкоматтан шешіп үлгерген. Ал студент бұл туралы жәбірленушілер оның атына арыз жазғанда ғана бірақ білген.
Рафаэль Сафиуллин, зардап шегуші:
- Бір қызығы, менің атыма карта ашылғанда да, оған ақша түскенде банктен ешқандай хабарландыру келген жоқ. Мән-жайды анықтау үшін банкке барғанда ақшаның кімге кеткені туралы ақпаратты бере алмайтындарын айтты. Бар айтқандары, карта Көкшетауда ашылып, қаражат Алматы қаласынан шешіп алынған. Кейін сот шешіміне сәйкес шығынды толық өтеуіме тура келді. Қазір енді кінәсіз екенімді дәлелдеу үшін үшінші тұлғаның атына сотқа арыз бермекпін.
Осы уақытқа дейін заңсыз несие рәсімдеуде, күмәнді шоттарды ашып, ақша жіберуде банктер жауапкершілік жүгін азаматтардың өзіне артатын. Яғни, «тұтынушы біздің бөлімге келген жоқ, біздің қызметкерлердің қатысы жоқ» деп кінәні өзгеден іздейтін. Енді заң қатаңдатылған соң таяқтың бір ұшы оларға да тиетіні анық. Сондықтан бұл істе банктерден де сұрау болуы қажет дейді сарапшы.
Нұржан Биякаев, банк сұрақтары бойынша тәуелсіз сарапшы:
- Жаңа ереженің мақсаты студент, зейнеткер сынды алданып қалған кінәсіз азаматтарды жазалау емес, заңсыз несие, аударым арқылы шетелдерге кетіп жатқан заңсыз ақша ағынын тоқтату. Бізде миллиардтаған ақша елден шығарылып, оффшорлық шоттарға кетіп, ізім-ғайым боп жатыр. Ал жәбірленушілердің шығынын елдегі алданған азаматтар өтеуде.
Құзырлы органдар қылмыстық істің қатысушысына айналмас үшін жеке деректерді, банк есепшотын бөтен адамдарға жібермеу керектігін ескертеді. Жеңіл табыс көзін меңзейтін ұсыныстардан аулақ болып, ақша аударымдарына қатысты күмәнді жағдайларда бірден құқық қорғау органдарына хабарласу қажет. Ал сіздің атыңызға бәзбіреулер несие рәсімдемес үшін egov.kz қосымшасы арқылы несие алуға өзіңізге бұғат қоя аласыз.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через