Жақын арада Алматыда қауіпті жер сілкінісі болатыны туралы болжам айтылды

Жақын арада Алматыда қауіпті жер сілкінісі болатыны туралы болжам айтылды
фото: pixabay.com

Габи Сатори  деген астролог әлеуметтік желідегі парақшасында Алматыда жақын арада күшті жер сілкінісі болуы мүмкін екенін болжап, ерлі дүрліктіріп жатыр, деп хабарлайды «Сапалы Қазақстан» порталы.

Астрологтың айтуы бойынша, шілденің 20-27 аралығында, тамыздың 03-20 аралығында Қазақстанда, сондай-ақ Алматы қаласында қуатты зілзала болуы мүмкін. Ең ауыр күндер 8 және 9 тамызға дөп келетін көрінеді. Заманауи технологиямен жабдықталған Сейсмологиялық ғылыми-зерттеу мекемелері жер сілкінісін алдын ала болжай алмай жатқанда бұл көріпкел-астролог неге сүйеніп отыр? Жұртты үрейлендіретін, әбігерге салатын осындай негізсіз, қорқынышты хабар таратқандар заң бойынша жауапқа тартылуы тиіс пе? Бұл сұрақты заңгер заң кеңесшісі, “Астана заңгерлер палатасының” мүшесі Төленова Жәмила Өтегенқызына қойған едік.

 Расында жер сілкінісі болу мерзімі мен оның жойқын күшін анықтау мүмкін емес. Болжау жасап, құзырлы органдарды ескертуге де мүмкін болмай жатады. Әлеуметтік желіде жасалынған блогер, көріпкелдің болжамдарын жеке зерделеу қажет. Егер ақпарат таратушының болжамдарында қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтардың, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін төндіретін көрінеу жалған ақпарат тарату әрекеті анықталған жағдайда ҚР Қылмыстық кодексінің 274 бабын негізінде қылмыстық жауаптылық, бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не төрт жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазалау қарастырылған. Яғни, әрбір болжам зерделеніп, онда жоғарыда көрсетілген әрекеттер анықталған жағдайда ғана жауапқа тартылады, деді Жәмила Өтегенқызы.

Заңгер атап өткеніндей, көрінеу жалған ақпарат таратқан адамдар 1 мың айлық есептiк көрсеткiшке (АЕК) дейiнгi мөлшерде айыппұл арқалайды немесе  400 сағатқа дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына тартылады не бас бостандығы шектеледі.

 Жауаптылық бар екенін ескере отырып, қоғамда дүрбелең салу этикалық нормаларға қайшы екенін блогер, көріпкел болсын түсінуі қажет. Лайк, хайп үшін елдің үрейін ұшыратын мәлімет тарату адами болмысқа сай емес. Өзіміз көріп жүрміз, сондай негізсіз ақпарат тарай бастағанда құзырлы органдар, қауіп жоқ деп негізсіз жауап береді. Осылай, қоғам мен билік арасында сенімсіздік туып жатты, - деді заңгер.

 Жалпы біз сейсмикалық қауіпті аймақта тұратынымызды ұмытпауымыз керек. Сондықтан, 2024 жылы екі рет күшті жер сілкінісі болғанда, көпшілік қорқып, не істерін білмей қалды. Бақытымызға орай, ауыр зардап болған жоқ. Алматы қаласы мен Алматы облысы үшін жер сілкінісі қалыпты құбылыс екенін естен шығармайық.

 Алматыда 9 қабаттан жоғары ғимараттар салынбауы тиіс

Сейсмикалық қауіп – алматылықтарды алаңдататын негізгі мәселелердің бірі.

1983 жылы Сейсмология институты Алматы қаласын сейсмикалық микрорайондаудың ғылыми негізделген бірінші картасын жасап, құрылысқа аса қауіпті аймақтарды белгіледі. Карта авторларының бірі профессор Әлқуат  Нұрмағамбетов көпқабатты, әсіресе 9 қабаттан жоғары үй салудың қолайсыз екенін талайдан бері айтып жүр.

Қала сейсмикалық белсенділігі жоғары аймақта орналасқан, мұнда 10 баллға дейін жер сілкінісі болуы мүмкін. Жыл сайын қаладан 80 шақырым радиуста 200-ге дейін әлсіз жер асты дүмпулері тіркеледі, бұл қалыпты жағдай деп саналады, ал Алматы аумағы арқылы 30-ға жуық тектоникалық бұзылулар өтеді, олардың басым бөлігі таулы аймақтарда шоғырланған, деді Әлқуат  Нұрмағамбетов.

ҚР Ұлттық ғылым академиясы сейсмология институтының негізін қалаушы, профессор Әлқуат  Нұрмағамбетов Алматы – Орта Азиядағы  ерекше қала екенін, себебі Алматының топырақ сапасы өте нашар екенін айтады. Сондықтан әр жерде салынған үйлер, әртүрплі реакция береді. 

Соңғы жылдары қаланың түкпір-түкпірінде белсенді құрылыс жұмыстары жүргізілуде, 20 қабатты үйлер бой көтеруде, бұл әлсіз топырақты ауырлатып, түрлі ауқымды деформациялар туғызуда. Қалада бой көтеріп жатқан көпқабатты үйлердің саны жыл санап артып, кейбір көпқабатты үйлер бір-біріне жанасып жатыр. Бұл дұрыс емес. Екі көпқабатты үйдің арақашықтығы лайықты болуы керек, құлаған жағдайда бір-бірін басып қалмауы керек. Бұл ретте арнайы техникаға, құтқарушыларға, жедел жәрдем машиналарына және басқа да техникаларға қолжетімділік болуы керек. Жалпы, Алматыда 9 қабаттан жоғары ғимараттар салуға тыйым салынған. 1970 жылдан бері салынған панельді үйлердің сапасы жоғары дер едім, – деді Әлқуат Нұрмағамбетов.

 Алматыда жер сілкінісіне қарсы шаралардың аясында MasAlert жүйесі әзірленді. Сондай-ақ алдын ала ескертудің автоматтандырылған жүйесін әзірлеу туралы шешім қабылданды. 2025 жылдың соңына дейін қолданыстағы 28 сейсмикалық стансадан басқа тағы 30, ал 2026 жылдың соңына қарай қосымша 40 станса орнатылады.

Сонымен қатар, жалпықалалық сейсмикалық жаттығулар бірнеше рет өткізілді. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мектептерде, саябақтарда және халық көп жиналатын орындарда түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

2017–2018 және 2023–2024 жылдары Алматыда 21 мыңнан астам нысанды қамтыған сейсмикалық аудит жүргізілді, оның 26 пайызы жер тербелоісіне төзімді емес.