фото: https://pixabay.com/ru/
Түркиялық холдинг Түркістан, Астана және Петропавл қалаларында көпбейінді ауруханалар салу және пайдалану бойынша үш жобаны қолға алған
Мемлекет басшысы YDA Holding басқарма төрағасы Хусейн Арсланды қабылдады, деп хабарлады Ақорда.
Түркиялық холдинг Түркістан, Астана және Петропавл қалаларында көпбейінді ауруханалар салу және пайдалану бойынша үш жобаны қолға алған. Компания алдағы уақытта Астанадағы YDA Industrial Park көпсалалы өндіріс кешенін кеңейтіп, сэндвич-панельдер шығаратын зауыт салуды бастайды.
Сонымен қатар Хусейн Арслан компанияның Ақтауда мультимодальді транзит хабын құруға қатысты жоспарымен бөлісті.
"Мемлекет басшысы холдингтің Қазақстанға стратегиялық тұрғыдан қызығушылығын және елімізде жүзеге асырып жатқан инвестициялық бастамаларын жоғары бағалады", - деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев S Sistem Lojistik компаниясының басқарма төрағасы Хусейн Барлинді қабылдады. Кездесу барысында компаниямен логистика саласында өзара тиімді әрі ұзақ мерзімді серіктестік орнату перспективасы талқыланды.
Президент елімізді Еуразиядағы жетекші транзиттік хабқа айналдыру үшін Орта дәлізді жан-жақты дамыту жұмыстары басталғанын жеткізді.
Бұл ретте Тоқаев S Sistem Lojistik компаниясының Ақтөбе халықаралық әуежайында логистика орталығын құру бастамасына қолдау білдірді. Жоба "Қазпошта" акционерлік қоғамымен бірге жүзеге асырылады.
Хусейн Барлин жоба аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Сондай-ақ компанияның алдағы уақытта Астана, Алматы, Шымкент және Ақтау қалаларында да логистика орталығын кеңейтуді жоспарлап отырғанын жеткізді.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через