фото: pixabay.com
Халықаралық санкциялар кесірінен Ресейде 2024 жыл қорытындысында, 2023 жылмен салыстырғанда, тікелей шетелдік инвестициялардың көлемі бірден 62,8%-ға құлағаны енді белгілі болды (солтүстік көрші көптеген статистикасын құпияландырды, кейбірін көп кешігіп жариялайды). Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Ресейлік сарапшылар шетелдік ақша ағыны Ресейге қарай ұшантеңіз дария болып, тоқтаусыз арындай аққан заман артта қалғанына назар аудартады.
БҰҰ сауда және даму конференциясы (UNCTAD) ұйымы жариялаған баяндама шетелдік капиталдың Ресейді төл басымдықтары қатарынан сызып тастағанына нұсқайды.
Құжатқа сәйкес, 2024 жылы Ресейге небәрі 3,3 миллиард доллар ғана тікелей шетелдік инвестиция (ТШИ) келген. Халықаралық сарапшылар осы азғантай соманың өзіне күмәнданады.
Сондай-ақ, эксперттер РФ-тің тіпті ғасыр басында, 2021 жылы бұдан әлдеқайда көп ТШИ тарта алғанын еске салады. Ол кезде ел 90-шы жылдардағы аса ауыр экономикалық-қаржылық дағдарыстан енді ғана айығып, еңсесін көтере бастаған еді.
Сонымен, халықаралық сарапшылардың мәліметінше, Ресейге келген ТШИ көлемі алдыңғы 2023 жылғыға қарағанда 62,8%-ға құлаған. Ал, соғысқа дейінгі 2021 жылмен салыстырғанда тікелей шетелдік инвестиция ауқымы 12 есе (!) кеміп кетіпті. Өйткені қарулы қақтығыс қарсаңындағы жылы РФ-қа 38,8 миллиард доллар ТШИ құйылған екен.
РФ Орталық банкі төрағасының бұрынғы орынбасары, қаржыгер Сергей Алексашенко мұның заңды құбылыс екенін айтады.
"Қазіргі қалыптасқан жағдайда Ресей шетелдік капитал үшін тартымдылығын толығымен жоғалтты. Бүгінде шетелдік бизнес біздің нарыққа асыға, ынтыға, бақталаса ұмтылатындай елде ешқандай тиімділік пен мол табыс қалмады", – деді сарапшы.
РФ Орталық банкінің дерегінше, Ресейде ТШИ-дің соңғы 3 жылда қордаланған жалпы көлемі жартысынан астамға, 57%-ға құлдилады: 2022 жылдың басындағы 497,7 миллиардтан 2025 жылдың басындағы 216 млрд долларға дейін.
Халықаралық және ресейлік сарапшылар тіпті келесі жылы Украинадағы соғыс аяқталғанның өзінде Ресейге бағытталған инвестициялар көлемінің бұрынғы деңгейге дейін қалпына келетініне сенбейді.
2022 жылы антирекорд тіркелді: бір жыл ішінде елден шығарып әкетілген шетелдік капиталдың "таза" сомасы (кері қайтқанын алып тастағанда) 15,2 миллиард доллардан асты.
Осыдан кейін РФ Үкіметі шетелдік инвесторларға капиталын сыртқа шығаруына тыйым салып тастады. Енді бизнес сол тыйымның жойылуын немесе елеулі жұмсартылуын тағатсыздана күтіп жүр.
Алып ел ішкі инвестицияларына иек арта алар еді. Алайда бұл бағытта да дағдарыс күшеюде. Бұл туралы таяуда Сбербанк президенті Герман Греф мәлімдеді.
Ол Ресейде жаңа инвестициялар салу толығымен тоқтатылғанын хабарлады. Бизнес бұрын қолға алынған еске жобаларын бітіруде, бірақ жаңаларын бастаудан аяқ тартып отыр.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через