фото: www.gov.kz
«eGov.kz» электронды үкімет порталы толықтай жаңартылады. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы qazaqstan.tv сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Өзгерістер қызмет көрсету сапасын жақсартуға, кибершабуылдарға қарсы күреске және цифрлық қызметтерді жылдам іске қосу мақсатында жасалмақ.
Жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, 2026 жылы толықтай аяқталады деген жоспар бар.
Мамандар «ескі eGov-ты» пайдалана беруге болатынын, жаңа eGov дизайны, портал жұмысы және жылдамдығымен ерекшеленетінін айтады.
Ал 13 шілдеден бастап Қазақстанда білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін өтінім қабылдау басталады. Талапкерлер өтінімдерді eGov.kz арқылы онлайн форматта тапсыра алады. Өтінімдерді қабылдау 13 шілде күні сағат 09:00-де басталып, 20 шілде күні сағат 18:00-де аяқталады.
«Электрондық үкімет» порталы өзінің жұмысын 2006 жылдың 12 сәуірінен бастады.
Оны іске қосқан кезде әртүрлі мемлекеттік органдардың қызметін қамтитын 337 ақпараттық қызметтер іске асырылған болатын.
2025 жылдың басынан бері қазақстандықтар eGov.kz порталы және eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы 26 миллионнан астам мемлекеттік қызмет алды. Оның ішінде 12 миллион немесе 45%-ы смартфондар арқылы көрсетілген, бұл мобильді форматқа деген сенімнің қарқынды өсіп келе жатқанын көрсетеді.
Бүгінде мемлекеттік қызметтердің 90%-дан астамы онлайн қолжетімді, және қазақстандықтар бұл мүмкіндікті белсенді пайдаланып келеді. Электрондық үкімет порталына тіркелген пайдаланушылар саны 14,8 миллионнан асты, оның ішінде 270 мың адам биыл ғана тіркелген.
eGov Mobile мобильдік қосымшасының танымалдығының артуы ерекше назар аудартады – жыл басынан бері оның аудиториясы 1,1 миллионға көбейіп, 11 миллионға жетті. Қосымшадағы ең сұранысқа ие сервистердің бірі – «Цифрлық құжаттар» бөлімі. Бұл қызмет 41 миллионнан астам рет пайдаланылған. Бүгінде қосымшада жеке куәлік, жүргізуші куәлігі, студенттік билет және басқа да маңызды құжаттарды қоса алғанда, 38 цифрлық құжат қолжетімді.
Қосымшаның танымалдылығын пайдаланушылардың тұрақты белсенділігі де дәлелдейді: ай сайын eGov Mobile қосымшасын 5,8 миллионнан астам адам қолданады.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через