Елімізде гигиена заттары, косметика қымбаттады

Елімізде гигиена заттары, косметика қымбаттады
фото: pexels.com

Елімізде гигиена заттары қымбаттады. Шаш күтіміне арналған құралдар мен жуынып-қырынуға арналған құралдардың бағасы күрт өскен. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы ktk.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.  

Экономистер шампунь, душқа арналған гель мен дезодоранттардың өз елімізде өндірілмеуімен байланыстырып отыр. Яғни экспортқа тәуелділіктен дейді. Косметика, парфюмерия тауарларының да бағасы көтеріліп, қазақстандықтардың қалтасына салмақ салып отыр. 

 Жеке бастың күтіміне де көп ақша керек. Алматылық Тоғжан Аңламас кино және телеэкранға шығатын әртіс, жүргізушілердің бетін әрлейді. Сондықтан бір айға жетпей таусылатын тері және шаш күтіміне арналған түрлі өнімді көп мөлшерде сатып алады. Бірақ оған кемінде 500 мыңнан бастап 1-1 жарым миллион теңгеге дейін қаражат жұмсайды екен.  

Тоғжан Аңламас, гримёр: — Шыны керек, декоратив және күтімге арналған косметика тым қымбат. Шашқа арзандау, ал бет күтіміне арналған заттар өте қымбат. Мысалға осы мамырдағы жобам 20 күндік түсірілім болып есептелінеді. Оған 536 мың теңге, яғни жеткізіп берушінің тауарымен есептелініп тұр. Ал мен қаладан алатын болсам, миллион шығады. Ұсақ-түйекке дейін аламыз, гигиеналық помада, салфетка, шампунь, бет жуатын, крем. 

EnergyProm сарапшылары бағаның өсуі әсіресе дезодоранттарда байқалады дейді. Құны бір жылда 15%-ға көтерілген. Жууынуға арналған гельдер мен сабындар, кол кремі, тіс пастасы да қымбаттапты. Арасында қырынуға арналған құралдар мен кәдімгі иіс сабынға дейін бағасы аспандаған.  Бұл тауарлар категориясы көбінесе Еуропадан Ресей арқылы экспортталатын. 

Фото pexels.com.

Геосаяси жағдайларға байланысты бірқатар әлемдік брендтер логистиканың қиындауынан елімізге тауар тасымалын тоқтатқан. Сәйкесінше бұл да бағаға әсер етіп отыр. 

Расұл Рысмамбетов, экономист: — Мұндай тауарлар Түркиядан, Румыниядан, Венгриядан немесе Шығыс Еуропадан әкелініп жатыр. Бұл бағаға әсер етеді. Шыны керек, қазір бұл өнімдерді шығарудың өзі арзан тұрмайды. Оған қосатын түрлі қоспалар бар. Олар да түрлі елдерден экспортталынады. Сондықтан бағаның тұрақтауы қиын. 

Отандық өнімдеріміз де бар. Бірақ көп емес. Тұрмыстық химия шығаратын зауыттар еліміздің үш өңірінде орналасқан: Шымкент, Алматы қаласы және Атырау облысы. Екі айдың өзінде бұл кәсіпорындар миллиард теңгеден астам теңгенің тауарын шығарған.  

Дегенмен елімізде отандық өнімдерге сұраныс аз. Тек дезодаранттар мен қырынуға арналған құралдарды ғана тұрғындар алатын көрінеді. Арасында өзімізде шығарылған косметиканы сұрайтындары да бар екен. Не де болса, әдемі әрі таза жүру үшін де біраз қаражат керегін ұғындық.