Андрей Самарин Сурдлимпия ойындарында Қазақстанға 7 алтын әкелді

Андрей Самарин Сурдлимпия ойындарында Қазақстанға 7 алтын әкелді
фото: https://dknews.kz

       Жапонияның астанасы Токиода өтіп жатқан XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарында грек-рим күресінен қазақстандық балуан Андрей Самарин алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Туризм және спорт министрлігі.

       67 келі салмақ дәрежесінде финалдық белдесуде ол ирандық палуан Мехди Бакшыны 11:1 есебімен жеңіп, Сурдлимпиада чемпионы атанды. Ақтық сынға дейін Андрей жоғары деңгейдегі өнер көрсетті.

       Алғашқы айналымда қырғызстандық Дінмұхамед Бигелдиевті 5:2 есебімен ұтса, ширек финалда болгариялық Дилиан Димитровты 8:0, ал жартылай финалда армениялық Жора Грегориянды да 8:0 есебімен айқын басымдықпен жеңді.

       Андрей Самарин — Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарғалы ауылының тумасы. Жасы — 21-де. Ол 2023 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы, сондай-ақ 2024 жылы Малайзияда өткен Х Азия–Тынық мұхит ойындарының чемпионы атанған. Осы жеңістің нәтижесінде Қазақстан құрамасының қоржынындағы медаль саны 14-ке жетті. Оның ішінде 7 алтын, 2 күміс және 5 қола жүлде бар. 

       Айта кетейік, биылғы Сурдлимпиада ойындары 15–26 қараша аралығында Токио қаласында өтіп жатыр. Бұл — есту қабілеті бұзылған спортшылар арасында төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын ең беделді халықаралық жарыс. Байрақты бәсекеге 81 елден келген 3000-ға жуық спортшы қатысып, 21 спорт түрі бойынша 209 дисциплинада жүлделерді сарапқа салып жатыр. Қазақстан құрамасының намысын 78 спортшы 8 спорт түрінен қорғайды.

       https://kaz.inform.kz/