Айбек Оралбай бокстан әлем чемпионы атанды

Айбек Оралбай бокстан әлем чемпионы атанды
фото: pixabay.com

Англияның Ливерпуль қаласында World Boxing аясында өтіп жатқан әлем чемпионатында Айбек Оралбай (90 келі) алтын медаль алды, деп хабарлады kaz.inform.kz.

Отандасымыз финалда өзбекстандық Джахонгир Зокировпен қолғап түйістірді. Бірінші және екінші раундта Айбек қарсыласына есе жіберсе, шешуші раундта қарсыласын қапы қалдырды.

Осылайша Айбек ел құрамасына жетінші алтын медальды салды.

Еске салсақ, бұдан бұрын Махмұд Сабырхан (55 келі), Санжар Ташкенбай (50 келі) және Алуа Балқыбекова (51 келі), Аида Әбікеева (65 келі), Төрехан Сабырхан (70 келі), Наталья Богданова (70 келі) әлем чемпионы атанса, Назым Қызайбай (48 келі) күміс жүлдегер болды.

Дүбірлі дода 4-14 қыркүйек аралығында Англияның Ливерпуль қаласында өтіп жатыр. Жекпе-жектер «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетілді.

Әлемнің әр қиырынан келген боксшылар 4-10 қыркүйек аралығында іріктеу кезеңінде бақ сынады. Ал 12-13 қыркүйекте жартылай финалдық, 13-14 қыркүйекте финалдық бәсекелер өтті.

 Айта кетсек, Мемлекет басшысы бокстан Әлем чемпионатында топ жарған боксшыларды құттықтады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі. 

— Ливерпульде өткен бокстан Әлем чемпионатында ұлттық құраманың жеңіс жолын Алуа Балқыбекова, Аида Әбікеева, Төрехан Сабырхан, Наталья Богданова, Айбек Оралбай жалғастырды. Қазақ боксшылары әлем біріншілігінде керемет нәтиже көрсетті. Әйтсе де алдымызда АҚШ-та өтетін Олимпиада ойындары күтіп тұр. Соған қазірден бастап дайындалу қажет. Қазақ бокс мектебінің мерейі әрдайым үстем болсын, — деп жазды Президент Instagram парақшасында.