фото: pixabay.com
Үкіметте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау аясында авиация саласын дамыту және ұлттық жүк авиатасымалдаушысын құру мәселелері бойынша кеңес өтті. Жиында қаралған басты мәселе жүк авиакомпаниясын құру, деп хабарлады "Сапалы Қазақстан" порталы.
Қазақстандық авиакомпаниялар биыл 7 млн 200 мың жолаушы тасымалдады. Көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 6%-ға артқан. Бұл туралы авиация саласын дамыту бойынша өткен жиында айтылды.
«Самурық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басшысы Нұрлан Жақыповтың айтуынша, жоба үш ұшақты жалға алудан басталады. Бірінші рейс 2026 жылдың басына жоспарланып отыр. Қазақстан халықаралық логистикадағы позициясын нығайтуды ойластырып отыр: себебі бүгінде әлемдік жүктердің 15%-ы оның әуе кеңістігі арқылы өтеді.
- Жүк әуе тасымалдаушысын құру Қазақстанның аймақтағы негізгі хабқа айналуына мүмкіндік береді, деп атап өтті жиында үкімет басышысы Олжас Бектенов.
qazaqstan.tv келтірген дерекке сүйенсек, соңғы жылдары елімізде 20 ұшу-қону жолағы, 19 терминал реконструкцияланып, Түркістанда жаңа әуежай салынды. Алдағы уақытта салаға 2,9 млрд доллар инвестиция тарту көзделіп отыр. Соның есебінен Қатонқарағай, Зайсан, Кендірлі, сондай-ақ Арқалық туристік аймақтарында жаңа әуежай салынбақ. Тағы да 10 ұшу-қону жолағы мен 10 терминал реконструкцияланады, арнайы техника паркі жаңартылады.
Бүгінде әлемдік жүк авиатасымалы артқан, яғни көлемі 57 млн тоннадан асады. Және оның 15%-ы Қазақстанның әуе кеңістігі арқылы өтеді. Сондықтан Премьер-министр жүк авиатасымалын құру бойынша дайындық жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через