Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрлігі 16 сәуірде Қытай азаматтарына Америка Құрама Штаттары еліне сапар кезінде шекарадан өту қауіпсіздігіне назар аударуды ескертті. Сонымен қатар азаматтарға Сиэтл–Такома халықаралық әуежайы арқылы кірмеуге кеңес берілді, деп хабарлады Lianhe Zaobao.
Қытай Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, жуырда шамамен 20 қытайлық ғалым АҚШ-та өтетін академиялық конференцияларға қатысу үшін барған кезде Сиэтл әуежайында АҚШ Кеден және шекара қызметі қызметкерлерінің негізсіз тексеруіне ұшырап, кейін елге кіргізілмеген.
Бейжің бұл азаматтардың қолында жарамды әрі заңды америкалық визалар болғанын атап өтті.
Қытай тарапының айтуынша, соңғы уақытта Сиэтл әуежайында қытайлық ғалымдарға қатысты қайталанатын тексерулер мен кедергілер тіркелген. Осыған байланысты АҚШ-қа баруды жоспарлаған азаматтарға қауіпсіздік шараларын күшейту ұсынылды.
Сондай-ақ Қытай билігі азаматтарға АҚШ-тың көші-қон және кіру ережелерін алдын ала мұқият зерделеуге, барлық қажетті құжаттарды дайындауға және тексеру кезінде сабырлы әрекет етуге кеңес берді.
Қытай студенттері мен ғалымдарының АҚШ әуежайларында елге кіре алмау жағдайлары соңғы жылдары бірнеше рет тіркелген. Бұған дейін де Бейжің мұндай оқиғаларға байланысты наразылық білдірген болатын.
https://kaz.inform.kz/